АҚ ҚАЙЫҢДАР АРАСЫНДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ ӨҢІР
«Нұр Отан» партиясы, «Qazaqstan Zamany» газеті, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен бірлескен «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты экспедициясы Солтүстік Қазақстан облысында
Оңтүстіктегілерді құшағына
алған облыс
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында 664 елді мекен бар, онда 314820 адам түтін түтетіп жатыр. Осы ауылдардың 160-ы — даму әлеуеті жоғары, 482-сі — даму әлеуеті орташа, 22-сі — даму әлеуеті төмен елді мекендер санатына жатады. Бүгінгі күні 103 ауылдық елді мекендегі халықтың саны 50 адамнан кем, олардың 17-сі шекара маңындағы ауылдар. Халық саны 10 адамнан кем 38 ауылда 153 адам тұрады, олардың 67,3%-ы ересек адамдар, қалғаны — балалар мен зейнеткерлер. Тұрғындар саны 50 адамнан кем аталмыш елді мекендер «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық орналасуы туралы» Заңының 3-бабының 6-тармағына сәйкес жақын орналасқан ауылдардың құрамына енгізілген. Болашағы жоқ ауылдарды тарату, ондағы тұрғындарды көшіру және қажетті баспанамен қамтамасыз ету мәселесі іс-шаралар жоспарына сәйкес кезең-кезеңмен жүргізілуде.
Қызылжар өңіріндегі халық санының аздығы жұмыс күшіне деген мұқтаждықты тудыруда. Жекелеген ауылдық білім беру ошақтарында бала саны азайып, жабылып қалу немесе бастауыш мектептерге айналу қаупін тудыруда. Соған орай жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстанға қоныс аудару және ішкі көші-қонды реттеу мәселесі мемлекеттік тұрғыда қолға алынуда.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова биыл күзде Қызылжар өңірінде жұмыс сапарымен болған кезде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударушылар үшін жұмыс берушілердің қатысуымен тұрғын үй салу және баспана беру тетіктері әзірленгенін, осы мақсатқа 2019-2021 жылдары бюджеттен 15 млрд. теңге қарастырылғанын, осы игілікті іс алдымен Солтүстік Қазақстан облысында сынақтан өткізіліп, басқа теріскей өңірлерге таралатындығын атап айтқан еді. Соған орай Солтүстік Қазақстан облысында алдағы үш жылда қоныс аударушылардың үш мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Облыстың және аудандардың басшылары еліміздің жұмыс күші басым оңтүстік өңірлерінде болып, жергілікті тұрғындармен қоныс аудару мәселесін жүйелі түрде талқылап келеді. Биыл қараша айында Шымкент қаласында болған өңір басшысы Құмар Ақсақалов:
Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы, шөбі шүйгін. Майлы дақылдарды өндіру мен экспорттаудан республикада бірінші орындамыз. Еліміздің үштен бір астығы бізде өндіріледі. Мал шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеуге басымдық берілген. Көкөністің барлық түрін өсіріп, мол өнім алуға болады. Бүгінге дейін облысымызға еліміздің әр түкпірінен 2700-дей адам қоныс аударса, соның жартысы Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан. Демографиялық өсімі жоғары өңірдің екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарын қабылдауға дайынбыз, — деген еді.
Қымыз өндіретін шаруа қожалығы
«Qazaqstan zamany» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы бастаған «Ауыл» экспедициясы Қызылжар өңіріндегі жұмыс сапарын Мамлют ауданындағы «Андреев» ауылдық округінен бастады. Аталмыш ауылдық округтің орталығын жергілікті тұрғындар «Андреевка» емес, жер атауына қарай «Арқалық» деп атайды.
Осы округтің орталығында бұрынғы кеңшардың директоры болған Нағашыбай Барлыбаев егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатын компаниялар тобын басқарады. Бас директордың айтуына қарағанда, оған 3 серіктестік және 2 шаруа қожалығы кіреді. «Арқалық» шаруа қожалығы 2004 жылдан бері қазағымызға тән шипалы сусын өндіруді өндірістік жолға қойған.Бұл агроқұрылымды Қызылжар өңіріндегі көшбасшы шаруашылық деуге болады. Қожалықтың 400-ден астам асыл тұқымды жылқысы бар. Соның 120-сын ала жаздай сауатын көрінеді. Қыс көзі қырауда 30 бие сауып отыр. Ауылдың шет жағындағы мал қораларының біріне автоматты сауу аспабы орнатылған. Шаруашылықтың қымыз өндіретін шағын цехы бар. Ондағы саумал пісетін, дайын қымызды шыны шөлмектерге құятын автоматты желілердің барлығы арнайы тапсырыспен Башқұртстанда жасалған. Цех тәулігіне 100-200 литр шипалы сусын шығарады. Онда 2 адам еңбек етеді.
Нағашыбай Сапарұлы 2 рет Германияға барып, ондағы бие сүтінен жасалатын шипалы сусынмен, косметикалық және фармацевтикалық өнімдермен танысып қайтқан екен. Ізденімпаз басшы солардың технологиясын қолдануды алдына мақсат етіп қойған сыңайлы.
— Жаз айларында 4 мың литрдей қымыз өндіреміз. Оларды келісім бойынша облыс орталығындағы сауда нүктелеріне, бөлшек саудамен Ресей Федерациясының Омбы, Қорған, Сургут қалаларына жөнелтеміз. Ауылда шаруашылықтың өз дүкені бар. Сонда сатылады. Петропавлда сазбен және қымызбен емдейтін сауықтыру орталығы ретінде «Номад» кешенін салғамыз. Оның жертөлесінде Меңгесер сазымен емдейтін орын да жасап қойдық. Бірақ күні бүгінге дейін осы ауданда орналасқан Меңгесердің емдік қасиеті мол сазын пайдалану мәселесі жекелеген кедергілермен шешімін таппай келеді, — дейді Нағашыбай Барлыбаев.
«Номад» кешенінде жылқының еті мен қымызын сататын әмбебап дүкен, ойын-сауық орталығы да бар.
Кезінде жылқы шаруашылығын дамытуға арналған республикалық үйлестіру кеңесінің алғашқы көшпелі отырысы қымыз өндірісінен көшбасшы саналатын осы шаруашылықта өткен көрінеді.
— Мемлекет тарапынан жылқы шаруашылығына жете көңіл бөлініп отыр дей алмаймыз. Мысалы, сиыр сүтіне 57 теңге, ал қымыз өндірісіне 60 теңге көлемінде демеуқаржы қарастырылған. Сөйтіп сиыр мен биенің сүт беруі бірдей емес екені мүлдем ескерілмеген. Қазір асыл тұқымды 27 ешкі ұстап отырмыз. Оның сүті де бүгінгі күні мол сұранысқа ие. Алайда майлылығы жоғары ешкі сүтін өндіруге мемлекет тарапынан демеуқаржы тіптен қарастырылмаған. Алдағы уақытта осы 2 мәселе ескерілсе, бие мен ешкі сүті өндірісі, оларды тереңдетіп өңдеу мал шаруашылығының жетекші саласына айналатындығына сенімім зор, — дейді республикалық «Парыз», «Алтын сапа», «Үздік кәсіпкер» және дүниежүзілік «Ұлттық үздік өнім» сыйлықтарының иегері Нағашыбай Барлыбаев.
Оқушысы аз ауыл
Құрылғанына биыл 86 жыл болған Бостандық ауылы осы «Андреев» ауылдық округіне қарайды. Ол бір кездері Қызылжар өңіріндегі ең көрікті және шаруашылығы жоғары дамыған елді мекендердің бірі ғана емес, бірегейі болатын. Қазір халқының саны екі еседей азайып, соңғы 2 жылда оңтүстіктен қоныс аударған 10 отбасын қоса есептегенде, 74 үй ғана қалған. Елден көшіп кетушілер көп. Сондықтан оқушы саны да қысқарып, бастауыш мектепке айналу қаупі төнген.
Екі қабатты типтік мектеп ғимараты өткен ғасырдың 90 жылдардың басында пайдалануға берілгенімен, бүгінгі күні мұғалімдер ұжымының шынайы қамқорлығының арқасында жақсы сақталып отыр. Оқу орнының оқушылары тест сынақтарын тапсыру бойынша бірнеше жылдан бері облыста алдыңғы қатардан көрініп келеді. Онда білім беретін ұстаздар осы елдің төл тумалары. Мектептегі мазмұны бай, безендірілуі ерекше мұражай тек ұжымның ғана емес, бүкіл ауданның мақтанышы. Осылай бола тұра білім ошағы соңғы жылдары оқушы санының аздығынан зардап шегіп келеді. Оған бірден-бір себеп болып отырған — ауылдың экономикалық жағдайы.
Елді мекенге тиесілі егістік алқапты 3 серіктестік иеленеді. Крыловтың «Аққу, шортан және шаян» мысалы дәл осы ауыл үшін жазылғандай. Жер үлесінің үштен бірін иеленіп отырған «Зенченко және К» КС астықты егіп, жинап алуға жергілікті тұрғындардың жұмыс күшін пайдаланбайды. Тек жер үлесіне тиесілі пайларын уақытында жоғары бағамен беріп тұрады. Жерлерін сеніп тапсырған тұрғындар соған риза.
Екінші серіктестікті осы ауылдың өз тумасы, үшіншісін Андреевкадағы кәсіпкер басқарады. Жергілікті әкімдіктің есебі бойынша, ауылда еңбекке жарамды 166 адам болса, соның 8-і ғана осы 2 серіктестікте, 53-і мектеп пен әлеуметтік салада, 2-уі шаруа қожалығында еңбек етеді. Серіктестіктер ай сайын еңбекақы төлемейді. Сондықтан аталмыш агроқұрылымдарда жұмыс істеуге ынталылар жоқ десе де болады.
Бостандықтағы екінші бір күрделі мәселе — ауызсу. Ауылға торапты су құбыры келгенмен, су жинайтын мұнара ауылдың шетінде, батпақты жерге орнатылған. Көктемде, жауын-шашында оған ешкім бара алмайды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су тарату желісі бұл ауылға бұйырмай келеді. Жергілікті мектеп пен ауылдық клуб осы мұнараның қашықтығынан бу қазандығына қажетті суды қыс көзі қырауда жаяулап-жалпылап тасуға мәжбүр.
Ауылдың жері өте құнарлы. Не ексең де шығады. Алайда жергілікті тұрғындар бақша шаруашылығымен айналысуға құлықсыз. Суаратын судың жоқтығын сылтау етіп, картоптан басқа ешқандай да көкөніс екпейді. Жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отырған отбасылар саусақпен санарлықтай ғана. Тері-терсек, жүн-жұрқа, сүт жинайтын, ұқсату кәсіпорындарымен айналысатын кооперативтер құру мәселесі бұл ауылға жат сияқты.
Бір жақсысы — соңғы 2 жылда оңтүстіктен 10 отбасы осы ауылға қоныс аударған. Оның 7-уі — дұнған, 3-уі — қазақ отбасылары. Олардың 15 оқушысы, 18 мектеп жасына дейінгі балалары бар. Мектеп жанында шағын орталық жұмыс істейді.
— Мектебімізде 65 оқушы білім-тәрбие алып жатыр. Соның 20-сы ғана жергілікті оқушылар. Шәкірттердің басым бөлігін көрші ауылдардан, туған-туысқандардан жинап алып, үйді-үйімізде тұрғызып жатырмыз. Интернат ашуға мектеп ғимаратында мүмкіндік жоқ. Әзірше — 11 жылдықпыз. Ауылда қоныс аударушыларды орналастыра қоярлықтай жақсы үйлер қалған жоқ. Елді мекенімізге көшіп келгендерді қажетіне қарай мектеп жұмысына тартып жатырмыз. Олардың мемлекеттік «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша курстан өтіп, бақша шаруашылығымен айналыса бастаған бір-ақ отбасы бар. Садыржан Анияттың осы игілікті ісі басқаларға үлгі болса екен, — дейді Бостандық орта мектебінің директоры Айгүл Сарбасова.
Құт қонған ауыл
Осы аудандағы Новомихайловка ауылдық округіне қарайтын Бексейіт ауылы Бостандықтан 6 шақырымдай ғана қашықтықта орналасқан. Бұл ауыл өсу үстінде. Оған себеп болып отырған — «Мәмбетов және К» КС-і. Ауылдың еңбекке жарамды адамдары осы серіктестікте еңбек етеді. Жұмыссыздық деген мүлдем жоқ. Ауылға шағын балабақша, мектеп жанына заманауи спорт залын салып берген де — осы компания. Бір кездері балабақша ретінде бой көтерген мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге, оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға жергілікті шаруашылық үнемі көмек көрсетеді.
Бір кездері 60 шақты ғана үйі бар ауыл бұл күні 120-дан астам отбасына құтты қоныс болып отыр.
— Даярлық тобын қоса есептегенде мектебімізде 83 бала білім-тәрбие алып жатыр. Бүгін бір топ баланы Меңгесердің мәдениет үйіне апарып келдік. Командиттік серіктестік оқушылар үшін компанияның құрылғанына 20 жыл толуына орай мәдени шара ұйымдастырды. Таяуда серіктестіктің арнайы шақыруымен келген С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының спектаклін шәкірттерімізбен бірге тамашаладық. Ауылымыздың жылдан-жылға көркейе түсуіне серіктестіктің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов пен атқарушы директор Арыстан Жұнысовтың сіңіріп отырған еңбегі ерекше. Елді мекенде клуб болмаса да, мәдени шаралар спорт залында өтеді. Қотанымызға кіреберісте серіктестіктің қаражатына салынған жазғы спорт алаңы мен биллиард залы бар. Мектебіміздің балуандары аудан ғана емес, облысқа да танымал, — дейді мектеп директоры Еркебұлан Балағанов.
Астықты аудан ахуалы
«Ауыл» экспедициясы Аққайың ауданындағы жұмыс сапарын жергілікті әкімнің кабинетінен бастады. Аудан басшысы Дәурен Байтөлешев 3 жылдан бері әкім қызметін атқарып келеді екен. Оның айтуына қарағанда, ауданда 12 ауылдық округ, 32 елді мекен, 19056 тұрғын бар. Ол — облыс халқының 3,4%-ы. Аталмыш елді мекендердің 88%-ы немесе 28 ауыл торапты су құбырының, 3 ауыл жерасты ұңғымасының, 1 ауыл құдықтың сапалы суын пайдаланады. Аумақта 2 сүт өңдейтін кәсіпорын, 1 шұжық цехы, 4 наубайхана, 1 диірмен, 1 ет өңдейтін шағын цех, 5 мал сою алаңы, 5 жемазық дайындайтын цех, 6 элеватор жұмыс істейді. 52 ЖШС, 52 ФШ, 158 ШҚ және 2 мемлекеттік кәсіпорын егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Үстіміздегі жылғы 10 айда ауданда 29173,4 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылған. Ол — өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 107,2%-ға тең. Биыл аудан диқандары 145,4 мың гектар егістік алқаптан19,1 центнерден, 56,7 мың гектар майлы дақылдардан 11,3 центнерден өнім алып, облыс бойынша 3-ші нәтиже көрсетті.
Ауданымызда «Полтавское» ЖШС, «Черкасское-Агро» ЖШС, «Дайындық-Агро» ЖШС, «Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС, «Салют» ЖШС сияқты ірі агроқұрылымдар ауылдың әлеуметтік жағдайына түбегейлі бетбұрыс жасап отыр. Мысалы, Біржан Шаймерденов басқаратын серіктестік Дайындық ауылындағы әр үйге ауызсу енгізіп, ФАП, спортзал салып берді. Ауылда Мәдениет үйі де, кітапхана да, мешіт те, қоғамдық монша да бар. Ондағы үйлер бір орталықтан жылытылады, — дейді Дәурен Бозтайұлы.
Келесі жылы 11 мектепке, 5 мәдениет ошағына күрделі жөндеу жүргізілмек, Смирново-Қиялы, Смирново-Ивановка сияқты күре жолдарды қалпына келтіруге 3 жылға 3 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінбек.
Біздің ауданда да халықтың өсімі жөнінен теріс сальдо қалыптасқан. Сондықтан оңтүстіктен қоныс аударушыларға мүдделіміз. Биылғы 10 айда ауданымызға 20 отбасы (94 адам) көшіп келді. Шынын айтқанда, ауылдардағы үйлеріміздің барлығы бірдей заман талабына жауап бере алмайды. Көпшілігі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде салынған. Сондықтан облыс әкімі айтып жүргендей, көші-қонға байланысты теріскей өңірлер үшін жеке мемлекеттік бағдарлама қабылданса, ол қажетті қаржымен қамтамасыз етілсе дейміз. Біздің өңір үшін Кеңес Одағы кезіндегідей 15% үстеме төленетін«Солтүстік коэффициентін» енгізсе де артықтық етпейді. Өйткені басқа өңірлерге қарағанда солтүстіктің қысы ұзақ. Ол қосымша шығынды қажет етеді, — дейді аудан әкімі.
Сүт өңдейтін кооператив
Аудан орталығының тұрғындары Евгений Данько мен Ермек Тәжібаев өткен жылы қосалқы шаруашылықтардан сүт жинайтын кооператив құрған екен. Алғашында сүттерін Лесное ауылында орналасқан «Ростан» ЖШС-нің сүт өңдейтін цехына өткізіп тұрған. Жеке кәсіпкерлер биыл шағын ғимарат тұрғызып, оны РФ-ның Ижевск қаласынан әкелінген сүт өңдейтін заманауи қондырғылармен жабдықтаған. Бүгінгі күні олар 1 литрлік қаптамада сүт, полиэтилен қорапшаларда май, қаймақ, ірімшік шығаруға қол жеткізіп отыр. Аудандағы 7 округтің қосалқы шаруашылықтарынан сүттің 1 литрін 90 теңгеге сатып алатын көрінеді. Өңделген сүт 3,2% майлылықпен 180 теңге болып саудаға шығарылады.
— «Мол ТД» АӨК» деп аталатын өндірістік кооперативімізде тәулігіне 1-5,5 тонна сүт өңделеді. Цехымыздың жалпы қуаттылығы — 5 мың тонна. Экологиялық таза өнім болғандықтан өнімдеріміз мол сұранысқа ие. Сүтіміз 5 тәулікке дейін бұзылмай сақталады. Аудан орталығындағы сауда орындарына күн сайын жарты тонна өнім жөнелтеміз. Бүгінгі күні 6 адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. Олар айына 70-80 мың теңгедей еңбекақы табады. Алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — дейді кооператив басшылары.
Евгений Даньконың айтуына қарағанда, биылғы тамыз айына дейін сүт өнімдерін ұқсататын кәсіпорындарға шығындарын өтеу үшін мемлекет тарапынан демеуқаржы беріліп келген. Енді ол тоқтатылған көрінеді.
Дәрігер тапшылығын жойған мекеме
Аудан орталығындағы емхананың жаңа ғимараты 2014 жылы пайдалануға беріліпті. Оған заманауи медициналық қондырғылар орнатылған. Емдеу мекемесінде 34 дәрігер, 133 медбике жұмыс істейді. Дәрігерлердің орташа еңбекақысы 240 мың теңгені, медбикелердікі — 95 мың теңгені құрайды. Емхананың сырт жағына әрқайсысы 180 шаршы метрлік 2 жылыжай орнатылыпты. Онда көкөністің бірнеше түрі егілетін көрінеді. Аулаға гүлзарлар жасалған.
— Өзім бұрынғы Шымкент, қазіргі Түркістан облысының тумасымын. Солтүcтікке келгеніме 14 жыл болды. Мамандығым бойынша хирургпін, зайыбым да дәрігер. Соңғы 3 жылда емдеу мекемесіне Шымкент пен Қарағандының медакадемиясынан 10 жоғары білімді маман келді. Үш жыл қатарынан сол оқу орындарына барып, болашақ мамандар арасында үгіттеу жұмыстарын жүргіздім, оларға тиісті жағдай жасалатындығына көздерін жеткіздім. Сөйтіп маман тапшылығын толығымен жойдық, — дейді аудандық емхананың бас дәрігері, жергілікті мәслихаттың депутаты Асхат Өтебаев.
Дәрігерлер отбасынан шыққан маманның айтуына қарағанда, облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша 2018 жылғы қаңтар айынан бастап солтүстікке келген дәрігерлерге 1,5 млн. теңге көлемінде бірреттік көтермеақы, пәтер берілетін болған. Биыл ауданға келген 7 дәрігердің 5-уі тиісті қаражатты алып та үлгеріпті. Қалған 2-уіне жыл соңына дейін берілмек.
Асхат Оңғарұлы 2009 жылы 30 жасқа дейінгі мамандар арасында «Үздік дәрігер» атанса, өткен жылы бас дәрігерлер арасында «Үздік денсаулық сақтау менеджері» атағына қол жеткізіпті.
Жансүгір батыр кесенесі
Экспедиция мүшелері Петропавл-Астана тас жолының бойында, Аралағаш ауылы маңында ерекше көз тартатын сәулетті кесенеге арнайы соғып, батыр бабамыздың аруағына құран бағыштады.
Лесной ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақовтың айтуынша, Жансүгір Баубекұлы 18 жасында қалың қолды басқарып, қазақтың тұтастығы мен бірлігін сақтауға ерен еңбек сіңірген, дау-дамайларда кесімді пікір айтып, әділ шешім қабылдап отырған. Сөйтіп өзінің асқан даналығы мен беделінің арқасындаеларасында би атанған.
Ақтаудың мәрмәр тасы мен құрыш қолды шеберлерінің күшімен биыл бой көтерген биіктігі 15 метрлік кесенеге, оның айналасын абаттандыруға жергілікті кәсіпкерлер Біржан Шаймерденов пен Елтай Зікіриннің 28 млн. теңге қаржысы жұмсалған.
«Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шара «Ер есімі — ел есінде» екендігін айғақтап тұрғандай.
Қайырбек пен Самал оқыған мектеп
Аралағаш ауылы бір кезде өзі аттас кеңшардың орталығы болған. Аталмыш округке Аралағаш, Рублевка және Амангелді ауылдары қарайды. Кеңшарда құрылысы аяқталмаған балабақша ғимараты, асхана, МТС шеберханасы, ауыл шетінде 2 жылыжай, сауна болған екен. Қазір олардан жұрнақ та қалмаған.
Елді мекендердегі қазіргі ең ірі инвестор — «Иван Зенченко» ЖШС. Аталмыш серіктестік орталықтағы Мәдениет үйін, намазхананы күрделі жөндеуден өткізген. Келесі жылы ауылдық округтің әкімшілігінеарнап жеке ғимарат салып бермекші. Серіктестік округтің қарамағындағы Рублевка ауылына сүт өндіретін заманауи мал фермасын салып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша әрбір үйге ауызсу тартылған
Жергілікті үш қабатты мектеп осы елдің тумасы Қайырбек Оразовтың атында. Мәскеудегі Бауман атындағы ВТУЗ-дің түлегі, техника ғылымдарының докторы, академик Қайырбек Оразовтың Қарағанды политехникалық институтында, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де факультет деканы қызметтерін абыроймен атқарып, Қызылжар өңірінде инженер мамандарды дайындауға ерекше үлес қосқанын, өмірінің соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болғанын жергілікті ұстаздар мақтан етеді. Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Есіләмова да, математика ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Айнұр Темірханова да —осы білім ошағының түлегі. Мектеп мұражайында ауыл тарихы, білім ошағының беткеұстар түлектері жайлы жәдігерлер жеткілікті.
— Келесі жылы мектебіміздің іргетасы қаланғанына 100 жыл толады. Бүгінгі күні 84 оқушымыз бар, оларға 23 мұғалім ұстаздық етеді, — дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Райхан Мұхамадиева.
Мектеп оқушыларының 15-і Лесной ауылының балалары екен.
— Мен осы ауылдың тумасымын. Округімізге оңтүстіктен қоныс аударған 4 отбасының 15 баласын аудан орталығына жібермей, осындағы интернатқа орналастырдық. Оларды тасымалдауды өз мойнымызға алып отырмыз. Ауыл мектебі жабылып қалмаса деген ниет қой, — дейді Лесной ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақов.
Аралағаш ауылдық округіне қоныс аударған 3 отбасы Рублевка ауылына орналасыпты. Жергілікті әкімшілік оқушы саны азайып бара жатса да, қоныс аударушыларды ауылдарына тартуға асығар емес.
Нұрсайын Шәріп