«Ақ жол»: «Алашқа тағзым» шеруін жалпыұлттық, мемлекеттік деңгейде өткізуді талап етеміз

29 маусым 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол»: «Алашқа тағзым» шеруін жалпыұлттық, мемлекеттік деңгейде өткізуді талап етеміз. Бүгін Мәжіліс отырысында фракцияның осы тақырыптағы депутаттық сауалын Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов жариялады.

ҚР Премьер-Министрі

Ә. А. Смайыловқа

Шежірелі Ұлытау жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың I отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың басты жұмыстарының бірі – тарихи әділдікті орнату, ел тәуелсіздігі жолында құрбан болып, бүгінде ұмытылып кеткен ұлт тұлғаларын ұлықтап, есімдерін жаңғырту, тарихи оқиғаларға лайықты баға берудің маңыздылығын айтты.

Кешегі Ұлытаудағы құрылтай 1917 жылғы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Қазақ құрылтайының бүгінгі жалғасы болса, еліміздің тәуелсіздігінің іргетасы да осыдан 105 жыл бұрын құрылған Алаш Республикасы десек, қателеспейміз.

Алаш республикасының 1918-1920 жылдары алғашқы заманауи қазақ мемлекеті болып құрылғанын және егеменді сыртқы саясат жүргізгенін дәлелдейтін Алаш арыстарының хаттары мен тың деректері жақын арада Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан табылды.

Ол құжат – көрнекті Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлының Алаш Орда Үкіметінің атынан 1919 жылдың қаңтарында Жапон үкіметіне тапсырған хаты мен Алаш Орданың Париж бейбіт конференциясына Мұстафа Шоқайдың аттануы – жаңа ғана дүниеге келген Алаш Ұлттық Республикасын қайткен күнде де сақтау, халықаралық қауымға мойындату мақсатында атқарған саналы да жоспарлы іс-қимылының айғағы.

Естеріңізге сала кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясы 2014 жылдан бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында «Алашқа тағзым» шеруін барлық аймақтарда жыл сайын жүйелі түрде өткізіп келеді. Өкінішке орай, бұл шараны жетінші жыл өткізгенімізге және ресми рұқсат сұрағанымызға қарамастан, барлық облыс/қала әкімдіктерінен тыйым салынып отыр.

Алайда, тағы да сол әкімдер, өткен ғасырдың басында 4 миллионнан аса қазақты аштықпен азаптап, сол кездегі халқымыздың 70 пайызын жалмаған тоталитарлық жүйенің көсемі Сталин мен Берияның бейнелерін қолдарына ұстап, «Бессмертный полк» сияқты мән-мағынасыз шерулерді өткізуге рұқсат берген.

Ал қиын-қыстау кезеңде Ұлт үшін саналы түрде өз өмірлерін құрбандыққа шалған Алаш арыстары мен өз ата-бабаларының әруақтарына тағзым етуден қорыққан қала/облыс басшыларының «қоян» тіршілігін қалай түсінуге болады? Отыз жыл тәуелсіз ел болсақ та, олар құлдық санадан арыла алмай жүр ме?!

Оның үстіне, біздің елімізде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу рәсімдері облыс орталықтары мен бас қалалардың үлкен алаңдарында халықтың жаппай қатысуымен өтпейді. Мысалы, Елордада бұл шара «жетім қыздың тойындай», «Ақмол» ауылында, көзден таса, шенеуніктердің ұрлық жасағандай, жаттанды сөздер айтып, «тиіп-қашып» қатысатын шарасына айналған.

Сонымен қатар 2020 жылы «Ақ жол» партиясының депутаттары, елін, ауылын аштықтан, азапты ажалдан аман алып қалуға тырысып, қызылдардың тоталитарлық қанішер саясатына қарсы шығып қарулы көтерілістерге қатысқан, «басмаш» деген мазақ аттан арыла алмай жүрген батыр бабаларымызды толық ақтап алу жөнінде депутаттық сауал да жолдаған болатынбыз.

Тарихшылардың деректері бойынша, қазақ даласында Сарқан, Балхаш, Қазалы, Қарақұм, Ырғыз, Атбасар, Сарысу, Созақ, Адай деген атпен белгілі болған 300-ден аса көтеріліс орын алған.

Бірақ, Үкімет тарапынан «Ақ жол» фракциясына берілген құрғақ ресми жауабы бізді қанағаттандырып отырған жоқ. Онда Алаш әскерінің қатарында соғысқан және жоғарыда аталған ұлт азаттық қарулы көтерілісіне қатысқан батыр бабаларымыз туралы ешқандай ақпарат, зерттеу таппадық.

Мемлекет басшысы Елордада Алаш арыстарына арналған ескерткіштің ашылуында: «… Жыл өткен сайын Алаштың абыройы асқақтап, беделі биіктей береді. Олардың атқарған ісі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Себебі, ұлт мүддесі, ел қамы деген ұғымдар – мәңгі құндылықтар», — деген болатын.

Осы орайда, «Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысының әділетті «Жаңа Қазақстан» құру туралы игі бастамаларын қолдай отырып және тарихи әділдікті де қалпына келтіру мақсатында:

біріншіден, Мемлекеттік комиссияның атқарған жұмысын Бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жариялап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен қатар, назардан тыс қалған ұлт-азаттық көтеріліс құрбандарын да анықтап, оларға қатысты тарихи деректерді зерттеп-зерделеуді жалғастыруды;

екіншіден, Алаш Республикасының 105 жылдығына орай «Ақжол» партиясының бастамасын қолдай отырып, биылдан бастап «Алашқа тағзым» шеруін жалпыұлттық, мемлекеттік деңгейде өткізуді талап етеміз.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары