АҚБАЛЫҚ
Жас балаша шаттанып,
Көкке ұшуға шақ қалып,
«Мен сен үшін туыппын!»,-
деп қуандың Ақбалық…
Ақбалық ау, Ақбалық,
Мәз боласың, мақтанып,
Дәлел қайсы, мен үшін,
Анаң сені тапса анық!
дей қойып ем, Ақбалық,
Қойны-қоншын ақтарып,
Жорамалды ап шықты,
Жорналдағы апталық.
Тауып келген Ақбалық,
Жорамалда да нақ та анық,
«бір бірі үшін туған» деп
Жазылыпты, о тоба!
Басылғандай тасқа нық.
Шара басың шақша қып,
Дәлел тапқан Ақбалық,
Дәлеліңді басыңа,
жатсың енді жастанып.
Көз шығармай, бас жарып,
Махаббатты сақталық.
Дәлелсіз де білемін,
Тек мен үшін қарағым,
Туғаныңды Ақбалық!
Әділбек ҚАБА
(«Махаббат маусымы» топтамасынан)