Ақкөлге айрықша көңіл бөлінуде
Алайда арада біраз жыл өткен соң мемлекет қолдауының нәтижесінде Ақкөл ауылы қайта түлеп, жаңару жолына түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды жерлерге тиісті көңіл бөлу туралы тапсырмасына орай Ақкөл бүгінде қайта жаңғырып келеді. Талай жылдан бері ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер шешімін табуда.
Көпшіліктің көтерген мәселелеріне құлақ асқан Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек ауылды көркейту мақсатында әлі талай жұмыс атқарылатынын айтады.
Бүгінде мемлекет тарапынан берілген түрлі мүмкіндікті пайдаланып, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту да қолға алынған. Мәселен, ауылда «Бастау бизнес» жобасымен 24 адам оқып, соның ішінде 11 ауыл тұрғыны 6,5 млн теңге қайтарымсыз грантқа ие болған. Қазіргі кезде олар жеке кәсіппен айналысуда. Оның ішінде 9 адам мал басын көбейтсе, 1 азамат шаштараздың құрал-жабдықтарын және 1 тұрғын кондитерлік пеш алып, өз кәсіптерін бастап кеткен. Сонымен қатар 7 ауыл тұрғыны түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жалпы көлемі 19,8 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Сондай-ақ облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылған «Жомарт түлек» жобасы бойынша ауыл түлектерінің демеушілігімен жалпы көлемі 11,5 млн теңгеге «Тәуелсіздік аллеясы», «Түлектер аллеясы» және стрит-воркаут спорттық алаңшасы салынып, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ауласы абаттандырылған. «Асарлатып үй салу» жобасы да тиісінше жүзеге асуда.
Алайда ауылда тұрғындарды алаңдататын мәселелер де бар. Мәселен, «Сұлтан» каналына су реттегіш қондырғы салу және жаңа жедел жәрдем көлігін алу қажет. Сондай-ақ тұрғындардың дені облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан бизнес идеясын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік грант қарастыруды сұрап отыр. Сол сияқты ауылдан әлеуметтік дүкен ашу үшін жеңілдетілген несие алғысы келетін азаматтар да бар. Ал облыс басшылығы тұрғындар көтерген ауыл мектебін жөндеу мен жаңа амбулатория салу мәселелерінің де шешілетінін айтуда. Сондай-ақ кейінгі жылдары ауылдықтар үшін су мәселесі де өзекті болып отыр. Осы орайда «Ақкөл» су қоймасы күрделі жөндеуден өткен. Енді алдағы мамыр айына дейін аталған су қоймасына кемінде 90 млн текше метр су жиналуы керек. Жауапты басшылар «Ақкөл» су қоймасының жағдайын назарға алса, талай жылдан бері күрмеуі шешілмей келген су мәселесі де оң шешімін табады.
Егемен Қазақстан