Ақмолада кәсіпкер әйел өз қалтасынан 350 млн теңге шығарып, ауылына мектеп салып жатыр
Ақмола облысында Сара Матайбаева есімді кәсіпкер әйел ауылда мектеп салуда. Мектеп салуға 350 миллион теңге бөлген. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Біздің облыстың тұрғындары Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын өте жылы қабылдады. Менің ойымша, ақмолалықтар әсіресе «Туған жер» бағдарламасына ерекше ден қойған секілді. Көптеген адамдар, меценаттар өзінің туған ауылдарына пайда тигізуге асықты. Мен осыған дейін де біршама сандар мен адамдарды атаған едім. Ондай адамдар мені тамсандырады да, таңғалдырады», – деді өңір әкімі.
«Мәселен, Целиноград ауданында Сара Матайбаева деген кәсіпкер бар. Оның Қосшы ауылында өндірісі жұмыс істеп тұр. Оны ешкім көндіруге тырысқан да емес. Ол Президенттің бастамасын іліп әкетті де, маған келіп: «Мен Қосшыда мектеп тұрғызғым келеді», деді. Өкінішке қарай, Қосшы – әлі күнге дейін үш ауысымды мектептері бар елді мекен. Ол кәсіпкер: «Мен мектептің керектігін біліп тұрмын» деді. Өндірісінде жұмыс істейтін қызметкерлерінің жағдайын кәсіпкер жақсы сезініп отыр. Мен оған қандай ұсыныс бар дегенімде, «Мінекей, мен 350 миллион теңге берейін. Мектеп саламын. 2018 жылдың 1 қыркүйегінде өткіземін», деді. Міне, біздің облыста осындай адамдар тұрып жатыр», – деді Мәлік Мырзалин.
Дереккөз: Stan.kz