АҚОРДАДАН КЕЛГЕН АҚЖОЛТАЙ ХАБАР

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ерлігі елге үлгі болған сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

ҚР Президентінің Жарлығында :«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын», — деп жазылған.

Ол 1908 жылы Сарысу ауданы, Ұйым ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін Жамбыл МТС-нде тракторшы болып жұмыс істеген.

Тарихқа сүйенсек, сарысулық сарбаз Калинин майданының сапындағы алғашқы шайқастардың өзінде мергендік винтовкасымен 79 фашисті жер жастандырған. Сондай-ақ, Великие Луки қаласы үшін болған шайқаста 60 жаудың көзін жойған.

Осылайша 1943 жылдың күзінде Невель қаласы үшін болған кескілескен шайқаста Сүлейменов 102 фашисті өлтіріп, өзі де асқан ерлік көрсетіп қаза табады. Ержүрек жауынгердің денесі Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметовамен бірге Невель қаласының орталығына қойылған.

Айта кетейік, «Халық қаhарманы» туып-өскен Ұйым ауылында Ыбырайым Сүлейменов атындағы орта мектеп бар. Онда қазір 182 оқушы білім алуда.

Нұрсұлтан Рахымбай,
Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз хатшысы