Аққулы ауданында жаңа тарихи-өлкетану мұражайы ашылады
Павлодар облысы Аққулы ауданында биыл айтарлықтай мол жұмыс атқарылды. Жыл соңына қарай Шарбақты ауылында таза ауыс су құбыры іске қосылса, аудан орталығында тарихи өлкетану мұражайы ашылады.
Бұл туралы аудан әкімі Абзал Балғабаев журналистерге берген сұхбатында баяндады.
— Жыл соңына қарай аудандық мәдениет үйінің екінші қабатында «Тарихи мұра» деген атаумен тарихи-өлкетану орталығы ашылады. Мұнда Аққулы ауданында туып-өскен танымал тұлғалардың құжаттары, қолданған заттары, фотосуреттері қойылады. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысының қатысушылары, Социялистік Еңбек ерлері және ақын-жазушылар мен басқа да өнер адамдары түгенделеді. Сонымен қатар, аудан тарихына қатысты құнды мәлеметтер жинақталады, — деді Абзал Әбілқақұлы.
Әкімнің сөзінше, жаңа тарихи-өлкетану мұражайында Ұлы Отан соғысына қатысушы, Невель қаласын жаудан қорғаған Әбілхайыр Баймолдин, Сембай Қалиев, Ауған соғысының ардагері Серік Хамзин, Социалистік Еңбек Ері Жәмпейіс сыздықов, Балғабай Оспанов сынды тұлғалар туралы мәліметтер қойылады.
Ауданда бір орталық аурухана, 4 дәрігерлік амбулатория және 18 медициналық пункт жұмыс істейді. Бүгінгі таңда дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші – 10 мың тұрғынға шаққанда 19,7 пайызды құрайды. Туберкулез сырқатының көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 29-ға дейін төмендеді. Ауданда көші-қон саласында да жақсы көрсеткіштер бар. Биыл еліміздің ішкі көші-ғоны бойынша оңтүстік және батыс өңірлерден 34 отбасы, 158 адам көшіп келді. Ал, шетелден Атажұртқа ат басын бұрған 5 отбасы осы ауданға орналасты.
Тілеуберді Сахаба