АҚШҰҚЫР АУЫЛЫНДА ЖАҢА ЖЫЛЫЖАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығы хабарлайды. Түпқараған аудандық ауыл шаруашылық және ветеринария бөлімінің басшысы Дәулет Өтебалиевтің мәліметінше, ауданда аумағы 5,1 га жерді қамтитын жылыжай жұмыс жасайды.
«Жыл соңына дейін аумағы 1 га болатын жаңа жылыжай Ақшұқыр ауылында іске қосылады деп жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба құны 480 млн.тг., қуаттылығы 20-25 кг/кв.м.»,- деді Дәулет Өтебалиев.
Ауданда ауыл шаруашылығымен айналысaтын 317 шаруашылық және 3 ЖШС тіркелген. Оның 286-сы мал шаруашылығымен және 31-і егін шаруашылығымен айналысады.
«Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында Түпқараған ауданына шағын несие алып, кәсіптерін ашу және одан әрі дамыту үшін 110 млн.тг бөлінген. 6 айдың қорытындысы бойынша 9 кәсіпкер 40 млн.тг қаражат алды. Тағы 7 жоба комиссия қарауына ұсынылды. Шағын несиелер жұмыссыз азаматтарға кәсібін ашуға, сондай-ақ орта және шағын кәсіпкерліктерін одан әрі дамыту үшін берілетіндіктен, алдағы уақытта да тұрғындарға өз кәсіптерін ашуға және дамытуға септігін тигізбек», -деді ол.
МО ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ