Ақсуда Социалистік Еңбек Ері Мәмәйіт Омаровқа ескерткіш тақталар ашылды
Ескерткіш тақталар Социалистік Еңбек Ерінің атындағы ауылда өзі тұрған үйлерге орнатылды. Шара Мәмәйіт Омаров ауылының Жамбыл орта мектебіндегі қонақтардың жиынымен басталды.
Қатысушылар атақты жерлестерінің өмірі, еңбек жолы мен қызметі жайлы естеліктерге қанықты. Кеш шымылдығын облыстық ақындар айтысының жүлдегері Ернар Құсанов арнаумен ашты. Бұдан соң, Мәмәйіт Омаровтың өмір жолын арқау еткен бейнеслайд көпшілік назарына ұсынылды. Ортаға ауыл тумалары бүгінде облысымызда әр салада қажырлы еңбек етіп жүрген Төлеген Сейітқанов, Өсербай Шоранов, Орал Жақыпов және тағы басқалар шығып, ел есіндегі қилы күндерден сыр шертіп, «Рухани жаңғыру» аясында ел бағына туған Мәмәйіт Омаров жайлы, жалпы ауыл туралы кітап шығаруға ұсыныс білдірді.
Астанадан келген қонақтар Мәмәйіт Омаровтың туыстары Гүлжамал, Сәлімгерей, Амангелді және Үміт ізгі іске атсалысқан барша ауылдастарына алғыстарын білдірді.
— Әкемнен ерте қалған соң, мен атамды әкемдей көрдім, — деді деді өз сөзінде Мәмәйіт Омаровтың немересі, Астана қаласы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлжамал Омарова. – Ол менің асқар тауым, қамқоршым болды. Мені үнемі қолымнан жетектеп, барған жеріне ертіп баратын. Кішкентай болсам да бірге жүрген кездеріміз, араласқан адамдарымыз бәрі есімде қалыпты. Менің ең бақытты балалық дәуренім осында – туған жерімде, атамның қасында өтті. Мен даңқты атамды, қасиетті туған жерімді мақтан тұтамын.
Салтанатты шара «Гүлдәурен» әжелер ансамблінің орындауындағы Мәмәйіт Омаров ауылына арнап Серік Елікбайдың сөзі мен Қайырбек Сәтиевтің әніне жазылған «Ақ бесік — атамекенім» әнімен аяқталды.
Бұдан кейін 1965-1971 және 1971-1977 жылдар аралығында М.Омаров тұрған екі үйде де ескерткіш тақталар ашылды. Барлық жиналғандар Еңбек Ерінің 1965-1971 жылдары тұрған баспанасында марқұмның аруағына құран бағыштап, дастарқаннан дәм татты.
Айта кетейік, Социалистік еңбек ері Мәмәйіт Омаров 1905 жылы 12 қаңтарда Павлодар облысының Павлодар ауданында дүниеге келді. Еңбек жолын 1919 жылы небары 14 жасында қарапайым жұмысшы болып бастады. 1932-1937 жылдар аралығында Шақат кеңшарында еңбек етті. 1937 жылдан бастап Ермаковский кеңшарында жұмысшы, 1938 жылы осы кеңшарда бөлімше меңгерушісі болды. 1940 жылы Алматыдағы директорлар
дайындайтын курсқа жіберілді. Курсты бітіріп келген соң Жолқұдық кеңшарында директордың орынбасары, кейін Бесқарағай кеңшарында директор болды.
Ал 1947 жылдың мамыр айынан 1972 жылға дейін Ермаковский кеңшарының директоры болып, бүгінде есімі берілген ауылды 25 жыл басқарды. Мәмәйіт Омарұлы басқарған шаруашылық жыл сайын жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетіп отырды. Нәтижесінде Ермаковский кеңшары «миллионер» шаруашылыққа айналды. 1966 жылы 22 наурызда М.Омаровқа КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. «Құрмет белгісі» және екі мәрте «Ленин» орденімен марапатталды. 1966 жылы Қазақстан Орталық Комитеті Коммунистік партиясының Құрмет дипломымен марапатталып, Жоғарғы Кеңес Президумы мен Қаз КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Мәмәйіт Омарұлының есімі «Алтын кітапқа» жазылды.
Әлихан Рахметоллаұлы