Ақсудағы құрылыс қарқыны қалай?

Павлодар облысының әкімі  Болат Бақауов Ақсу қаласына жұмыс сапарымен барып, ондағы көп қабатты тұрғын үйлердің салыну барысымен танысты. Сапар барысында аймақ басшысы құрылыс жұмыыс жүріп жатқан ЖТҮҚ шағынауданын аралап шықты.

Болат Бақауов мұнда бой көтеретін баспаналардың таған тереңдігіне, яғни барлық талапқа сай болуына ерекше мән берді. Себебі кейбір үйлердің іргетас тереңдігі бір метрден де аспайды. Аймақ басшысы айтып өткендей, Павлодар облысының климаттық жағдайларында бұл жеткіліксіз болып табылады, себебі қыс уақытында жер қатады.

– Бұл үйлер әрдайым дымқыл болып тұрады, – деді ол. – Сақталуы тиіс арнайы талаптар бар. Егер ертеңгі күні бұл үйлерде бір мәселелер шығатын болса, ол үйлерді иелерінің өздері салғандарына қарамастан, әкімдікке шағымданады. Сондықтан, құрылыс жұмыстары бақылауда болуы керек.

Сонымен қатар әкім көп қабатты үйлердің құрылыс аймақтарына барып қайтты. Олардың біреуін ERG компаниясы өз қызметкерлері үшін салып жатыр. Үй Астана күніне дейін тапсырылады деген жоспар бар. Ал «ДСК Монтаж» ЖШС салып жатқан үйдің жағдайы мүлдем басқа. Банктен кепілдік алуға байланысты туындаған қиындықтар себебінен мердігер құрылыс жұмыстарына кеш кірісті. Бұл өз кезегінде 280 млн. теңгенің игерілмеуіне әкелді. Болат Бақауов құрылыс мерзімдері бұзылмайтын жағдайда мердігер ұйымдарға көмек беруге даяр екенін айтты.

Өз тілшімізден.