Ақсулықтарға арналған үйлер

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов облыс орталығына іргелес жатқан  Ақсу қаласына жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапар кезінде аймақ басшысы көп қабатты тұрғын үйлердің салыну барысын тексеріп, жер үйлердің құрылысы басталып кеткен жеке тұрғын үйлер құрылысы шағын ауданын аралап шықты.

Болат Бақауов жеке тұрғын үйлерге арналған шағын ауданда салынып жатқан болашақ үйлердің ғимараттарының іргетасының тереңдігінің жеткіліксіздігіне ерекше мән берді. Жеке құрылыс компаниялары жұмыс істейтін кейбір аймақтарда үйлердің іргетасының тереңдігі бір метрден де аспайды. Аймақ басшысы Павлодар облысының ауа райы континенталды суық болғандықтан бұл тереңдік жеткіліксіз екендігін айтты.

— Бұл үйлер әрдайым дымқыл болып тұрады, – деді ол. – Құрылыс компаниялары арнайы құрылыс нормалары мен ережелерін сақтаулары тиіс.  Егер ертеңгі күні бұл үйлерде бір мәселелер шығатын болса, ол үйлерді иелерінің өздері салғандарына қарамастан, әкімдікке шағымданады. Жеке тұрғын үйлердің құрылысы бойынша жұмыстар қатаң бақылауға алынуы тиіс.

Сонымен қатар әкім көп қабатты үйлердің құрылыс аймақтарына барып қайтты. Олардың біреуін ERG компаниясы өз қызметкерлері үшін салып жатыр. Энергетиктер қоныс аударатын үй алтыншы шілдеге дейін тапсырылады деп үміттеніп отыр. Ал, «ДСК Монтаж» ЖШС салып жатқан үйдің жағдайы мүлдем басқа. Банктен кепілдік алуға байланысты туындаған қиындықтардың себебінен мердігер құрылыс жұмыстарына кеш кіріскен. Бұл өз кезегінде 280 млн. теңгенің игерілмеуіне әкелді. Болат Бақауов мердігер ұйымдарқұрылыс мерзімдерін бұзбаған жағдайда, атқарушы билік оларға қол ұшын созуға дайын екендігін атап өтті.

Әлихан Рахметоллаұлы