Ақтау қаласы әкімдігінің қызметкеріне қатысты тәртіптік іс, Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралмайды
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйек күні əлеуметтік желілерде қаладағы кафелердің бірінде тәртіп бұзған үш азамат жайлы бейнежазба жарияланған болатын. Олар даяшыдан түбіртекті мемлекеттік тілде әкелуді талап етіп, әкелмеген жағдайда ақша төлеуден бас тартатындарын жеткізген.
«Олар — мемлекеттік қызметшілер» деген ақпаратпен БАҚ және «Facebook» әлеуметтік желісінде қоғамдық резонанс туғызған азаматтардың іс-әрекетіне қатысты жарияланған сыни материалдар мен пікірлер (бейне көрініс) жазылған еді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен бейне көріністерді зерделеу барысында Ақтау қаласында орналасқан кафелердің біріне келуші үш азаматтың біреуінің ғана мемлекеттік қызметші, яғни, көк жейдеде отырған азамат мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған (17.09.2018ж) және бүгінгі таңда үш ай сынақ мерзімінен өтуші Ақтау қаласы әкімі аппаратының бас маманы Е.Анесов екені анықталды.
Ал қалған екі азамат мемлекеттік қызметші болып табылмайды.
Бейнекөріністегі негізгі оқиға кафе қызметкерлері мен басқа жеке тұлғаның (мемлекеттік қызметкер емес) арасында орын алған.
Ескере кететін бір жәйт, мемлекеттік қызметші Е.Анесов құқық қорғау қызметкерлері келгенге дейін оқиға орнынан кетіп қалуына байланысты оның масаң күйде болу жағдайын тиісті құзырлы органдарымен анықтау мүмкін болмаған.
Қазіргі уақытта Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, тәртіп бұзған мемлекеттік қызметшіге қатысты қызметтік тексеру тағайындалып, нәтижесі қосымша баяндалатыны туралы ақпарат тарады.
Жалпы Е.Анесовтың тәртіпсіздікке жол бермеуін оған бекітілген тәлімгері және қала әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі бақылау керек болатын. Алдағы уақытта, қала әкімдігіндегі мемлекеттік қызметшілердің тәртібі жөнінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Гүлмира Қалмұратовадан кезекті Әдеп жөніндегі кеңес отырысында сұралмақ.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі