АҚТӨБЕ ХАЛҚЫ ҚАЛА КҮНІН АТАП ӨТТІ
28 мамыр күні — ақтөбеліктер қала күнін атап өтті. Іргесі қаланғанына 152 жыл толған Ақтөбе қаласы бір жарым ғасырлық белесті артқа тастады.
Тарихқа үңілсек, 1869 жылы Елек пен Қарғалы өзендерінің қосылатын жеріндегі екі төбенің үстінде Ақтөбе бекінісінің негізі қаланған. Содан бері талай тарихи кезеңдерді өткізген әдемі қала бүгінде еліміздің ірі өндірістік өңірлерінің біріне айналды.
Мереке алдында эпидемиолоиялық жағдайдың жақсаруына байланысты облыс «қызыл» аймақтан «жасыл» аймаққа көшкен болатын. Сондықтан, әлемдік пандемия салдарынан үйге қамалған ақтөбеліктер қала күнінде өткен мәдени-көпшілік шараларға барынша қатысуға тырысты.
Қала күніне арналған жәрмеңке мен спорттық жарыстар
Ақтөбе қаласының 152 жылдығы таңертең «Табыс» коммуналдық базарында, Тұрғындар қалашығы, «Нұр Ақтөбе» аудандарында және «Рамазан» серіктестігінің дүкендерінде өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерімен басталды. Өңір аудандарынан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдері базардағы нарықтан 10-15 пайызға арзанға сатылды. Мерекелік жәрмеңкеге келген ақтөбеліктер жұмыртқа, сүт, ет, қаймақ, құрт, тары, жарма секілді ауылдың дәмін «таза, әрі дәмді» деп пышақ үстінен үлесіп алып кетті.
Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров жәрмеңкені аралап, кәсіпкерлермен, тұрғындармен сөйлесті.
— Бүгін қала күніне орай жәрмеңке ұйымдастырылып жатыр. Шаруашылық иелері сапалы әрі арзан өнімдерін көпке ұсынып отыр. Әрине, сүйікті қаламыздың мерекесін кең көлемде өткізуге болар еді, бірақ қазіргі жағдайға байланысты халықты бір жерге шоғырландыруға болмайды. Басты байлық — денсаулық. Барлық шара санитарлық талаптарға сай өткізіліп жатыр, — деді қала басшысы.
Жәрмеңкеден олжалы шыққан ақтөбеліктер мен қала қонақтары сонан соң шаһардың бірқатар бөлігінде өткен спорттық жарыстар мен мерекелік бағдарламаларды тамашалады. Ашық аспан астында өткен шараларға спортшылар белсене қатысты. Ақтөбе қалалық әкімдігі мен қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақ алаңындағы, «Шахматшылар» аллеясы мен орталық- стадион алаңында жұмысшы жастар арасында «Үстел теннисінен» турнир, тоғызқұмалақ, дойбы, стритбол, таэквондо секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Таэквондо жарысына 6-11 жас аралығындағы 180 спортшы қатысса, тоғызқұмалақтан 30 оқушы, шағын футболға 7-8 және 10-12 жас аралығындағы 40 спортшы қатысты.
Сонымен бірге «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы маңында велошеру, «Триатлон» паркінде жүгіруден шеру өткізілді.
Қала күні құрметіне ұйымдастырылған спорттық шаралардың қорытындысында Ақтөбе қаласы әкімдігі атынан дипломдар мен медальдар, сыйлықтар табыс етілді.
«Ақтөбе — махаббатым менің!»
Ақтөбе қаласының іргесінің қаланғанына 152 толуына арналған қала күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар кешке дейін жалғасты. ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябағы, орталық стадион алаңы, «Авиатор»,
«Денсаулық» парктері, «Ғашықтар» аллеясы, Ж.Кереев сквері, ірі ескерткіштер маңы мен сулы-жасыл бульвары бұл күні әдемі ән мен күйге, би мен жырға куә болды.
«Ақтөбе — алтын бесігім» тақырыбында еркін форматта ашық алаңдарда өткен концерттік бағдарламаларда қалалықтар мен қонақтар өңірдегі өнер ұжымдарының концерттерін тамашалады. Ал Арбатта өткен гитара патиде жастар қазіргі жастардың сүйікті әндерін орындады.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ашық аспан аясында ұйымдастырылған мерекелік алаңдарға барып, мерекеге жиналған қалалықтармен, концерттік-ойын-сауық бағдарламаны ұйымдастырған өнер қайраткерлерімен әңгімелесті. Ақтөбеліктермен тілдескен облыс әкімі қаланың әрі қарай дамуын, тұрғындарына амандық, денсаулық пен бірлік тіледі.
Шахар басшысы Асхат Шахаров та ақтөбеліктерді қала күнімен құттықтады:
— Биыл қаламыздың іргесінің қаланғанына 152 жыл толып отыр. Тарихы бай шаһарымыздың бұл мерейлі мерекесін еселі еңбекпен, болашаққа деген сеніммен қарсы аламыз. Бұл — Ақтөбенің болашағына бейжай қарамайтын барлық азаматтарды біріктіретін мереке! Бұл — қаланың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер мен туған шаһарының тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алатын жас ұрпақтың мерекесі. Бүгінгі Ақтөбе — индустриялық әлеуеті жоғары, мәдени мұрасы өте бай, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның батыс өңірінің ең ірі қаласы. Қаланы көркейту үшін ауқымды жұмыстар атқарылып келеді және бұл тек бастамасы ғана. Ақтөбе қаласының келбеті көз алдымызда жаңарып, жақсарып келеді. Оның бет-бейнесі өзгеріп, көшелері мен саябақтары абаттандырылып, жаңа шағын аудандар салынып, тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Бұл, әрине, барлық ақтөбеліктердің еселі еңбегінің нәтижесі. Кез келген қаланың басты байлығы — оны одан да әдемі және жайлы етуге тырысатын тұрғындары. Біз өнегеге бай мұра қалдырған бабаларымызбен, күнітүні кіші Отанымыздың кемелденуіне еңбек етіп жүрген тұрғындарымызбен, қаламыздың атын шығарып жүрген жерлестерімізбен мақтанамыз. Қымбатты ақтөбеліктер! Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында сүйікті қаламыз күн сайын көркейіп келе жатыр. Дана халқымыздың «ырыс алды-ынтымақ» деген аталы сөзі бар. Халықтың ынтымағы, татулығы, бір-біріне деген құрметі — ел өркендеуінің кепілі. Сіздерге Ақтөбенің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіре отырып, зор денсаулық, әр шаңыраққа жақсылық тілеймін! — деді ол.
Айта кетейік, мерекелік шаралар өткізілген алаңдардың бірі — Ж.Кереев көшесінің бойындағы сквер қала күні қарсаңында жөндеуден өткізілді. Кешкі уақытта бұл жерде жаяу адамдардың еркін жүріп-тұруы, демалысы үшін көлік құралдарының қозғалысы шектеледі. Ол үшін боллардтар орнатылды. Бұл жер — қаланың ескі бөлігіндегі тарихи орындардың бірі. Скверге брусчатка төселіп, ортасына жасыл желектерді суару үшін суару жүйесіне арналған скважина қазылды. Гүлзарларға гүлдер, газон отырғызылды. Воркаут алаңға түнгі шамдар орнатылды. Сонымен қатар, Ж.Кереев көшесінде аула аумақтары асфальтталып, жөнделіп жатыр.
Кешқұрым Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткен «Ақтөбе — махаббатым менің!» атты мерекелік шарада өнер ұжымдары мен өнерпаздар әннен шашу шашып, қала қонақтары мен тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады.
Концерттік бағдарламалар аясында эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрі мен «Ақтөбе» вокалды аспаптар ансамблі халық әндері мен белгілі сазгерлердің шығармаларын орындады.
Мейрамгүл Рахатқызы,
Ақтөбе облысы