АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНА ҚР ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКСТІ ТҮСІНДІРЕТІН ЖҰМЫС ТОБЫ КЕЛДІ

11 маусым күні Ақтөбе облысына ҚР Президенті көмекшісі — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова бастаған арнайы жұмыс тобы қызмет бабымен келді. Сапар мақсаты – биыл 1 шілдеде күшіне енетін жаңа әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс пен «е-Өтініш» электронды ақпараттық жүйесінің артықшылығын түсіндіру. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

 

 

Жұмыс сапары облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиыннан басталды. Жиналысқа аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сонымен қатар, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты.

Облыс әкімі мемлекет басшысының жолдауында айтылған азаматтардың өтініштерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

 

 

«Тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында Ақтөбе облысында жергілікті атқарушы органдар 2,5 мыңдай қызметкерге «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің жұмысын үйретті. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста 16 фронт-кеңсе жұмыстарын бастады», — деді О.Оразалин.

ҚР Президенті көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова ҚР жаңа әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жайында жан-жақты айтып берді.

 

 

Жұмыс тобы осы тақырып бойынша Ақтөбе қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының ғимаратында жұртшылықпен кездесу өткізіп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

 

 

Күннің екінші жартысында Тамара Дүйсенова бастаған жұмыс тобы Қарғалы ауданына барып, Петропавл, Бадамша ауылдарында ауылдық округтердің әкімдерімен және жұртшылығымен кездесті. Бұдан өзге, жұмыс тобының мүшелері екі ауылдағы «е-Өтініш» ақпараттық жүйе мен Петропавл және Қосестек ауылдарындағы «сервистік әкімдіктің» жұмысымен танысты.