Ақтөбе облысында құқықбұзушылықтың алдын алу күшейтілді

Облыс әкімі 14 қыркүйек, сейсенбі күні жұмыс бабымен Қарғалы ауданында болды.
Аудан орталығында өткен жиынға облыс әкімі, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысып, Қарғалы ауданындағы қылмыстық жағдайлардың криминологиялық сараптамалары бойынша ғылыми зерттеулердің қорытындысы қаралды. Жобаны жүзеге асырушы — ғылыми және арнайы зерттеу орталығы.
Отырысты ашқан Оңдасын Оразалин: «Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы жолдауында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарына қылмыспен күресте құқықбұзушылықтың алдын алуды күшейтуді тапсырған.
Құқықбұзушылықтың алдын алу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жалпы қоғамның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қоғамдық құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын жасау мақсатында облыс аудандары бойынша қылмыстың
криминологиялық сараптамасы жүргізілуде. Мұндай сараптама алғаш рет Мәртөк ауданында жүргізілген. Бүгінде барлық өңделген ұсыныстарды Мәртөк ауданының әкімдігі сәтті жүзеге асыруда. Биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша жалпы қылмыс өсімі уақытша тоқтатылды»,- деп атап өтті.
Пилоттық жобаның сәтті нәтижелерін, алдын алу шаралары әзірленген​ криминологиялық зерттеулерді ескере отыра ақпан айынан бастап Қарғалы ауданы бойынша да жүргізіле бастады.
«Мұндай зерттеудің мақсаты — аудандағы қылмыстың алдын алуда нақты объективті жағдайды анықтау және оны жою бойынша ұсыныстарды жасау. Ол үшін мемлекеттік және жеке ұйымдардың жинаған материалдары зерттеліп, қоғам пікірі, құқықбұзушылық жасаудың себептері мен құралдары, олардың динамикасы мен салдары сарапталады,»- деп атап өтті ғылыми және арнайы зерттеулер жобасының жетекшісі​ Ғалия Сүлейманова
Оңдасын Оразалин сараптама жүргізу, оның нәтижелері мен ұсынымдарын пайдалану Қарғалы ауданындағы аумақта құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
Аудандық әкімдік пен жауапты органдарға есепке енген барлық ұсынымдардың сапалы​ жүзеге асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды. Келесі зерттеу Хромтау ауданында жүргізілмек.
Айта кетейік, отырысқа​ ЖОО басшылары қатысты. Оларға студенттер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін осындай сараптама жүргізу ұсынылды.
Облыс әкімі Қарғалы ауданына жұмыс сапары кезінде сондай-ақ, ауыл ішіндегі жолдардың, соның ішінде ​ «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жұмыстармен танысты.
Петропавл ауылында биыл бірден ауыл ішіндегі бес (Д. Қонаев,​ Ю. Гагарин, Майоров, сонымен қатар, Еңбекшілер және Жеңіс) көшенің жөндеу жұмыстары басталды. Барлығы 5,6 шақырым көлік жолы жөнделеді, бүгінде жалпы ұзындығы 4,8 шақырымдық жердегі жұмыстар аяқталған, сонымен бірге төрт көшеде түнгі жарықтар орнатылды. Аудан әкімі Асқар Жүсібалиевтің айтуынша, қалған 1,2 шақырым жолды мердігерлер осы аптаның соңына қарай аяқтайды.
Ш.Қалдаяқов атындағы ауылда облыс әкімі Беркімбаев пен Орынбасаров көшелерінде ендігі аяқталып қалған орташа жөндеу жұмыстарымен, сонымен қатар, Абылай хан, О. Канахин және Орынбасаров көшелерінің көше жарығымен қамтамасыз етілуімен танысты.
Велихов ауылында өңір басшысы “ДиЛенд” ЖШС-нің астық қоймасын қарап шықты.
2014 жылдан бері серіктестік астық қаптаудың австриялық технологиясын қолданады.
«Бұл өте ыңғайлы. Әр қапқа 200 тонна астық сыяды. Бұл технологияның артықшылығы сол, егін элеваторға жіберілмейді. Егін басынан қапталған күйі небәрі 5 шақырым жерде орналасқан қоймаға апарамыз. Астық жақсы сақталады, құрғақ, шірімейді»,- дейді ЖШС өкілі Қайрат Мусин.
Бұдан өзге, Бадамшада облыс әкімі құрылысы осы айда аяқталатын дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің, 150 орындық өнер мектебін қарап шығып, аудандық прокуратурада болды.