АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА ШАЛҚАР КӨЛІНІҢ ТҮБІН ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапары барысында Шалқар көлінің түбін тазартуға ерекше назар аударды. Жұмыс биыл басталған. Жобаны жүзеге асыру жергілікті жердің экологиялық жағдайына оң әсерін тигізеді. Белгілі болғандай, соңғы жылдары су қоймасы тартылып, лайланып кеткен.
Облыс әкімі аудан мен «Tolagai-2050» ЖШС мердігер ұйымының басшыларына:
— Жобаның өңір үшін экологиялық ахуалды жақсартып, табиғи балансты тепе-теңдікті сақтауда маңызды рекреациялық және шаруашылық маңызы бар. Көп жылдар бойы күткен жобаның жемісін аудан халқы көруі тиіс. Барынша сапалы әрі уақытында жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қолданыңыздар, — деп тапсырды.
«Толағай — 2050» ЖШС-ның өндіріс бойынша орынбасары Рашит Сламбектің айтуынша, жұмыстың аяқталу мерзімі 17 айға белгіленген. Оның айтуынша, көл түбін тазарту жұмыстары көл суының сапасын көтеріп, гидрохимиялық құрамын жақсартуға, Шалқар қаласының халқын шаруашылық-тұрмыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.Ал көл астынан шыққан балшықтың ешқандай зияны жоқ, оны тыңайтқыш ретінде де пайдалануға болады екен.