АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ШОШҚА ФЕРМАСЫ ЖЕРДІ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУІ ТИІС
Ақтөбе облысындағы «Парижская коммуна ХХІ» серіктестігіне жер учаскелерін бастапқы күйіне келтіру арқылы нұсқамаларды мәжбүрлі түрде орындауы мүмкін. Бұл туралы Ақтөбе облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысы Баянбек Қырықбаев айтты.
Ақтөбе облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы былтыр қараша айында аталған серіктестікте Жер Кодексінің 65, 140 баптарының талаптарының сақталуына тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 13,9 га жердің бүлінгендігі анықталды.
— Жайылымдық жерлерде заңсыз ор қазу, қоқыстар төгу орыны, су ұстау дамбысы жайғастырғандығы және рұқсатсыз шұңқырлар қазу (карьер) арқылы жердің беткі құнарлы қабаты сыдырып алынған. Бұл әрекетте қылмыс сипаты байқалып, қылмыстық процессуалды шаралар қолдану үшін материалдар облыстық прокуратураға жолданды, — облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысы Баянбек Қырықбаев.
Б.Қырықбаевтың айтуынша, жердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмауы бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде Жер Кодексінің 65, 93 баптарының талаптары бұзылғандығы анықталып, 4 әкімшілік іс қозғалып, 222240 теңге айыппұл салынған және толық өтелген.
— Былтыр желтоқсан айында серіктестік тарапынан 54,2 гектар жер учаскесінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай отырғандығы туралы заң бұзушылықты 3 ай мерзімде жоюға нұсқама берілді, алайда нұсқама мерзімінде орындалған жоқ. Сондықтан, мамыр айында хаттама толтырылып, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына процессуалдық шара қолдану үшін жолданып, нұсқама орындалмағаны үшін 583 400 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар сот қаулысымен «Парижская коммуна-XХI» ЖШС-нің (2 жер учаскесіне қатысты) қызметі тоқтатылды. Биыл 15 маусымда біздің басқарма тарапынан облыстық ауданаралық экономикалық әкімшілік сотына жер учаскелерін бастапқы күйіне келтіру арқылы нұсқамаларды мәжбүрлеп орындату үшін талап-арыз берді. Сот отырысы 7 шілдеге жоспарланған, — деді Б.Қырықбаев.