Ақтөбе қаласының әуежайында визит орталық ашылды.
9 желтоқсан, бейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда “Visit Aktobe” визит орталығының ашылу салтанатына қатысты.
Жобаның басты мақсаты — ішкі туризмді дамыту.
«Орталықта өңірдің туристік нысандарына қатысты кеңес беру қызметтері көрсетілетін болады. Сонымен қатар жергілікті өндірушілер мен қолөнершілердің брендтелген өнімдері тұратын бұрыш орналасқан»,- дейді Ақтөбе облысының Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов..
Жалпы, “Visit Aktobe” — бұл әрбір қалаған адам өңірдегі жергілікті туристік өнімдер, көрнекі жерлер, тарихи құндылықтар, шаралар, экскурсиялық маршруттар және т.б. жайында толық ақпарат алуға болатын туристік-ақпараттық орталық.
Нұрхан Тілеумұратов: «Бүгінде бізде 18 туристік маршрут жұмыс жасайды, туристерді орналастыратын жүздеген орын мен сексеннен аса мәдени ескерткіштер бар. Осылардың барлығы жайлы айтып, көрсететін болады»,- деп нақтылады.
Облыс әкімі визит орталықтың азаматтарды қабылдауға дайындығына баға беріп, ұжым алдында бірқатар тапсырмалар берді және өңір игілігі үшін табысты қызмет атқаруларын тіледі.
Оңдасын Оразалин: «Мәдениет басқармасымен тығыз жұмыс істеңіздер, өйткені туристерді қызықтыратын көптеген шаралар өткізіледі. Мәселен, Димаш Құдайберген қатысатын жыл сайынғы «Бақытты бала» халықаралық фестиваль-байқауы, сондай-ақ, жарынға жоспарланған халықаралық көшпенділер фестивалі. Біздің өңірге келетін қонақтарды осындай шаралар туралы хабардар етіп отыру керек»,- деп атап өтті.