АҚТӨБЕДЕ 1-ШІЛДЕДЕН БАСТАП КҮШІНЕ ЕНЕТІН ҚР ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕССУАЛДЫҚ КОДЕКСІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Елімізде 1-шілдеден бастап ҚР Әкімшілік ресімдік-процессуалдық кодексі күшіне енеді. Осы заңды түсіндіру мақсатында 11 маусым күні Ақтөбе қаласының әкімдігінде ҚР Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсенованың қатысуымен мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті. Кездесуге «Е–Өтініш» жобасын іске асыруға жауапты мемлекеттік органдардың – Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Әділет министрліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері және облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, қала әкімі Асхат Шахаров, қалалық мемлекеттік мекемелер басшылары мен қызметкерлері қатысты. Президент көмекшісі мемлекеттік органдар қызметінің жаңа жағдайдағы жұмыс ерекшеліктері және өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктері туралы айтты.
Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясының іргелі нормативтік құжаты. Ол мемлекеттік органдардың өтініш берушілермен жұмыс парадигмасын түбегейлі өзгертеді. Нақтырақ айтсақ, өтініш беруші біртұтас ақпараттық «е-Өтініш» жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын көріп отыра алады, сонымен бірге дәлелдер келтіру және оларды зерделеуге қатысуға, түсініктеме беруге, қажетті құжаттарды ұсынуға, мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап арызбен сотқа беруге құқылы болады. Сондай-ақ, азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қарайтын болады. Яғни өтініш беруші емес, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздейтін болады. Сырғытпа жауап бергені, созбалаңға салғаны үшін тек орындаушы қызметкер ғана емес, сонымен бірге бүкіл мемлекеттік орган жауап береді. Сынықты сылтау қылып, болмашы себептермен талап арыздарды кері қайтару тәжірибесін тоқтату үшін, сот өтініш берушілерге талап арызды дұрыс жазуға көмектеседі. Ал судья «белсенді» және «сөйлеуші» болады, арызданушыға мүддесін қорғауда көмектеседі.
Жаңа ұстанымдарға сәйкес, азаматтардың өтініштерін қарау жүйесінің инфраструктурасы да өзгертілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Бас прокуратура мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігі «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесін әзірлеп, қолданысқа енгізіп жатыр. «е-Өтініш» – өтінішті қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас база, ол барлық мемлекеттік және сот органдарына, өтініш берушілерге қолжетімді болады. Бұл база өтініштерді қарау мерзімін 30-дан 15 күнге қысқартады.