АҚТӨБЕДЕ 35 АУЫЛ ӘКІМІ САЙЛАНАДЫ

Ақтөбе облысында 35 ауылдық округтің әкімі сайланады. Өңірде қазір осы саяси науқанға қызу дайындық жүргізіліп жатыр.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Күнбаеваның айтуынша, облыста 141 ауыл әкімі бар. Ауыл әкімдерін сайлау 35 ауылдық округ бойынша өткізіледі.

— Қазір 12 аумақтық сайлау комиссиясы үміткерлерден құжаттар қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үміткерлерді саяси партиялар ұсына алады және азаматтар өздерін өзі ұсына алады. Сайлау барысында бір орынға кемінде екі үміткер болы керек, яғни, балама болуы тиіс. Сондықтан, ұсыну аяқталатын күні бір орынға кемінде екі үміткер ұсынылмаса, аудан, облыстық маңызы бар қала әкімі өз тарапынан екі адамды ұсынуына құқы бар.

Бүгінге дейін облыс бойынша 8 адам өзін өзі ұсынып отыр. Шалқар ауданында 7 адам, Байғанин ауданында 1 адам өзін өзі ұсынды. Шалқар ауданында Ақтоғай, Есет Көтібарұлы, Кішіқұм және Шетырғыз ауылдық округтерінде әкім сайлауы өткізіледі. Бір ғана Кішіқұмға әкім болуға үш адам ниеттеніп отыр, олардың үшеуі де Кішіқұмда тұрмайды. Жалпы, үміткерлердің сол ауылда тұруы міндетті емес, ол басқа ауылда, басқа облыста да тұруы мүмкін, тек сайлау заңнамасы талаптарына сай келсе болды. Өзін өзі ұсынған 8 адамның орташа жасы — 37 жас. Олардың үшеуі — заңгер, үшеуі — педагог және екеуі техникалық сала мамандары. Саяси партиялардың ешқайсысы әлі бір де бір үміткер ұсынған жоқ,

— деді Г.Күнбаева.

 

 

М.ТАБЫН,

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ.