АҚТӨБЕДЕ 35 АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

25 шілде күні еліміздің түкпір-түкпірінде ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтті. Елді демократияландыруға бағытталған науқан аясында еліміздегі 800-ге жуық ауылдық аумақтар әкімін тұрғындар өздері сайлады.

Ақтөбеде 25 шілде күні 35 сайлау округінде ауыл әкімдерін сайлау өтті. Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Есет Шангереевтің айтуынша, сайлауға 470 мүшесі (84 аумақтық, 386 учаскелік комиссия) бар 12 аумақтық сайлау комиссиясы мен 74 учаскелік сайлау комиссиялары қатысты.

— Сайлау бюллетеньдеріне 105 кандидат енгізілді. Олардың 63-ін саяси партиялар ұсынса, 42-сі өзін-өзі ұсынған. Атап айтар болсақ, Nur Otan партиясынан — 28, «Ауыл» партиясынан — 16, «Ақ Жол» — 9, «АDAL» — 4, Қазақстан Халық партиясынан — 4, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясынан 2 кандидат. 105 үміткердің 17-сі әйелдер. «Nur Otan» партиясынан 28 адам, «Ауыл» партиясынан – 2 адам, «Ақ жол» партиясынан – 1 адам, «ADAL» саяси партиясынан – 1 адам, Қазақстан Халық партиясынан – 1 адам, өзін-өзі ұсынған – 2 адам сайланды. Сайланған әкімдердің 28-і мемлекеттік қызметшілер. Біреуі коммерциялық құрылымдардың өкілі болса, бесеуі бюджеттік ұйымдарда қызмет етіп келген. Ал біреуі уақытша жұмыссыздар қатарында болған. Жаңа сайланған 35 әкімнің 5-еуі — әйел. Сайланған әкімдердің орташа жасы — 46 жас. Ең жасы – 26-да, жасы үлкені — 62-де, — деді ол.