АҚТӨБЕДЕ 606 ШАҚЫРЫМ АВТОЖОЛ ЖӨНДЕЛДІ
Ақтөбе облысындағы жалпы қолданыстағы автожолдардың ұзындығы — 6 831,5 шақырым. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайердің айтуынша, былтыр 32,8 миллиард теңге бөлініп, 606 шақырым автожол жөнделді, нәтижесінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 3 мың шақырымнан асқан.
Биыл 21,3 миллиард теңгеге 100 жоба іске асыру жоспарланып отыр. Бөлінген қаражат есебінен жергілікті маңызы бар 464,8 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу, ұзындығы 214 шақырым «Ақтөбе-Атырау — РФ (Астраханьға)», «Қандағаш–Мақат» автожолының учаскесін толық пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ұзындығы 89 шақырым «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесін қайта жаңарту басталды, бұл жобаның жалпы құны — 62,5 млрд.теңге.
Сонымен бірге биыл облыстық жолдар бойынша «Ақтөбе – Орск» автомобиль жолын қайта жаңарту, «Қобда-Мәртөк» автожолын күрделі жөндеу, «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» автожолын орташа жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр.
Жол-құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты жасалған шарттар шеңберінде 488 тексеріс жүргізіліп, 112 бұзушылық анықталды, жол-құрылыс материалдарының 2 008 сынамасы іріктеп алынып, сынақтан өткізілді.
Автомобиль жолдарының жай-күйі, оларды күтіп ұстау мәселелері құрылыс, көлік, сауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және цифрландыру мәселелері жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы отырысында қаралды.