АҚТӨБЕДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Ақтөбеде «Мүгедек адамдарға арналған әлеуметтік қолдау орталығы» ашылды. Бұл жобаны жүзеге асырып отырған «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтардың одағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Қ.Байменованың айтуынша, Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылған «Тең қоғам» атты «Мүгедек адамдарға арналған әлеуметтік қолдау орталығы» жобасы — мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдағы тең құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.
Орталықтың ашылуына қатысқан Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин бүгінде мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бағытында көп жұмыс атқарылып жатқандығын айтты:
— Өңірде 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жерлесіміз бар екен, оның 4 мыңдайы — балалар. Бұл азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Алдағы уақытта мұндай орталықтарды аудандарда да ашқан дұрыс, — деді аймақ басшысы.
Орталыққа келушілер цифрлық сауаттылыққа үйренеді, интернет порталдар арқылы мемлекеттік қызметтер алуға дағдыланады. Салық органдары, банктер, қаржы инстиуттары, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мекемелері секілді ұйымдардан арнайы мамандар келіп, тегіс кеңестер береді. Оған қоса орталықтағы тігін, тоқу, тамақ пісіру, қолөнер секілді 11 үйірмеге қатыса алады.
М. САТАЕВА,
Ақтөбе облысы.