АҚТӨБЕДЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «АВТОҚАЛАШЫҚ» АШЫЛДЫ

Соңғы кезде балалардың қатысуымен болатын жол апаттары жиілеп кетті. Осының алдын алу мақсатында Ақтөбедегі ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ аумағында балаларға арналған «Автоқалашық» ашылды. Ақтөбе облысының ПД Жол-техникалық инспекция бөлімі қызметкерлері, ҚР ІІМ Ақтөбе заң институтының «Көлік объектілерінде қауіпсіздікті ұйымдастыру» кафедрасы және Ақтөбе қаласының әкімдігі бірлесе отырып жүзеге асырған бұл жобаның негізгі мақсаты — балаларға жастайынан жол қозғалысы ережелерін жол қозғалысының нақты қатысушылары ретінде сезіндіре отырып үйрету.

 

 

— «Автоқалашыққа» барлық қала тұрғындары мен қонақтары қалаған уақытта келіп, жол жүру ережелері туралы білімін шыңдауына болады. Аталған жобаның жүзеге асуына ықпал еткен қала әкімдігіне айтар алғысымыз шексіз, — дейді Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Еркін Өтеген.

Статистикалық есепке сүйенсек, ағымдағы жылдың 5 айында балалардың қатысуымен 27 жол-көлік оқиғасы орын алған, соның саларынан 1 бала қаза тауып, 22 бала әр-түрлі дене жарақатын алған. Жүргізілген талдау көрсеткендей, жол көлік апаттарының орын алуының негізгі себептері — жас жүргізушілердің жол жүру ережелерін дұрыс білмеуі. «Автоқалашық» балаларға жол жүру ережелерін үйренуге мүмкіндік береді.