АҚТӨБЕДЕ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕЙТІН ФАБРИКА САЛЫНАДЫ

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинатында өндірістік қалдықтарды қайта өңдейтін фабрика салынбақ.

Алдағы жылы құрылысы басталатын фабрика әлемдегі ең озық технология бойынша салынады және заманау автоматтандырылған құралдармен жабдықталмақ.

Аталған компанияның корпоративтік коммуникация қызметінің хабарлауынша, «Қалдықтар-2» атты бірегей жоба маңызды екі мәселені шешуге ықпал етеді: өндіріс қалдықтарын қайта өңдейді және кәсіпорынның шикізат базасын ұлғайтады. Жаңа фабриканың шикізаты – Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бастап сақталған қалдықтар қоры болмақ.

Жаңа фабриканың іске қосылуымен жылына екі миллион тоннаға жуық қалдықтар өңделіп, 500 мың тоннаға дейін қосымша тауарлы өнім – үш кластық концентрат алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 400-ге дейін қосымша жұмыс орнын құру ұйғарылған.

Жаңа фабрикада байыту процесі флотация әдісімен жүзеге асырылмақ. Бұл — ерекше инновациялық жоба, себебі шикізаттың бұл түрінен хром оксидін алу әлемнің ешбір жерінде қолданылмаған. «Қалдықтар-2» жобасы сәтті өткізілген сынақтар мен жетекші компаниялардың тәжірибесін ескере отырып жасалды.

Дәл қазіргі сәтте негізгі жабдық орналасатын №1 ұсатып-байыту фабрикасының бас ғимаратында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жабдықтар негізінен Еуропаның, Түркияның және АҚШ-тың Thyssenkrupp Industrial, Metso Outotec, т.б. жетекші өндірушілерінен жеткізіледі. Сондай-ақ, жоба аясында шикізатты орталату немесе араластыру процесі жүретін арнайы қойма салынады.

 

 

М.САТАЕВА,

Ақтөбе облысы.