Ақтөбеде қураған ағаштардан тазарту және жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары күшейеді.

Ақтөбеде аумақтарды қураған ағаштардан тазарту және жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары күшейеді. Тиісті тапсырманы өңір басшысы Оңдасын Уразалин қала әкімі Асхат Шаһаровқа басқарма басшылары, аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысқан аппарат жиыны кезінде берді.
«Қаланың абаттандырылуын бақылауда ұстаңыз. Талдарды отырғызады, бірақ кейін суармайды, қарамайды. Бүкіл қала бойынша осы проблема. Көптеген абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, дегенмен кепкен ағаштар жағымсыз әсер қалдырады. Біраз жұмыстар атқарылды, бірақ талдар дұрыс суарылмаған. Осы мәселені шешу үшін жүйелі шешім қабылдау керек»,- деді Оңдасын Оразалин.
Бұдан өзге, өңір басшысы мемлекеттік сатып алуды тездетуді тапсырды. Мемлекеттік сатып алу байқауларының барлығы аяқталмаған, тіпті жарияланбағандары да бар. Негізі, жұмысты созып отырған – аудандар.
Облыс әкімі мемлекеттік сатып алулар басқармасына: «Әлі де жарияланбаған құрылыс жобалары жоқ емес. Жарты жыл өтті. Бұл жұмыс қашан басталады?! Қысқа мерзімде байқаулардағы кідірістердің себептері туралы талдау жасап, себебі техникалық немесе адами фактор екенін анықтап беріңіз»,- деп тапсырды.
Жиын барысында сондай-ақ, балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты сұрақтар ​ қаралды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша облыста Covid-19-ға қарсы екепенің көлемі жеткілікті дәрежеде.
«Жұмысты күшейту керек, соның ішінде түсіндіру жұмыстарын. Коронавирус індетінің қарқынын баяулату тікелей екпеге байланысты»,- деп атап өткен облыс әкімі ​ санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қатысты сұрақты ерекше назарда ұстауды тапсырды.