АҚТӨБЕДЕГІ АБАЙ ДАҢҒЫЛЫНДА ХӘКІМНІҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ ТҰР

Ақтөбедегі Абай даңғылында хәкімнің қара сөздері жазылған кіші сәулет нышандары қойылды. Түнде де жарқырап тұрады. Осы жерде ақынның бейнесі бар үлкен кітап та өзімен аттас даңғылдың сәнін келтіріп тұр.

 

 

Шаһарға көрік беріп қана емес, тұрғындарға да ой салатындай етіп орнату туралы қала әкімі Асхат Шахаровтың идеясын «Қайсар Relations» ЖШС-нің басшысы Қайырбек Таханов іліп алып, кіші сәулет нышынадарын жасап берді. Оған қоса Абайдың суреті салынған кітабын әзірлеп жасады. Ондағы мақсат — қазақты өзге жұртқа таныстыратын, қазақтың қазақ екенін көрсететін ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

 

 

Абай — біздің халықтың ұлы ақыны, ол арқылы бізді әлем таниды. Қаламызға келген қонақтар, тұрғындардың өздері де серуендеп жүріп, хәкімнің қара сөздерін оқып, тым құрыса, хабардар болады.

Бүгін Абай күніне арналып осы даңғылдың бойындағы гүлзарда ұлы ақынды ұлықтау шарасы өтті. Ақының өлеңдері оқылды, әндері шырқалды. Індетке байланысты көп адам жинауға тиым салынғандықтан бұл шараны онлайн форматында әлеуметтік желілердің тікелей көрсетілімі арқылы ақтөбеліктер тамашалай алды.

 

 

Р.S. Көшенің көркі болған көрнекілік құралдары — үлкен мәдениеттің бастауы. Өкінішке қарай, жақында ғана бір қара сөздің әйнегін сындырып кетіпті. Былтыр өркениетті елдердегідей ашық аспан астына пианино қойылған болатын, ол да бөлшекке айналды. Сондай тәртіпсізбіз, неге? Түсінбейтінім, неге әдеміні бүлдіруге құмармыз? Соншалықты қатыгездік қайдан шығып жатыр?
Биыл дезинфекция туннелін де өзіміздің ақтөбеліктер бұзып тастады. Ол ол ма, темірмен құйылып, дәнекерленіп бекітіліп тұрған қоқыс шелектерін жұлып тастаған ақтөбеліктердің тәртіпсіздігіне қалай ренжімейсің…
Құрметті қала тұрғындары! Тәртіпті, мәдениетті болайықшы!..

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ,
Ақтөбе