АҚТӨБЕДЕГІ «АНАҒА ТАҒЗЫМ» РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ ЖАҢА ЖОБАЛАР ҰСЫНЫП ОТЫР

Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында орналасқан «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында бірнеше жоба жүзеге асырылмақ.

Орталықта аз қамтылған отбасылар, көпбалалы және жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі аналар және ерекше бала тәрбиелейтін отбасы мүшелері үшін ақысыз түрде 9 бағытта әлеуметтік жобалар қолға алынды.

Жобалар 7 шілде күні өз жұмысын бастап кетті. Жаңа жобалар аясында келушілерге бірнеше бағыттар бойынша қолдау көрсетіледі және оқулар ұйымдастырылады. Нақтырақ айтсақ:

«Қоғам life» жобасы — әлеуметтік қорғау және төлем туралы кеңестер беру, тұтынушыларды құқықтық қорғау бойынша кеңес беру, мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жеке жұмыс жасау, кәсіпкерлікпен айналысуға бағыт-бағдар беру, қолдау көрсету мақсатында ұмыс істейді. «Жан дауа» жобасы аясында келушілер жоғары дәрежелі кәсіби дәрігерлерден кеңес ала алады. «Шашбаулым», «Аналар аманаты» жобалары — шеберлік сағаттарын өткізу арқылы қыз балаларды және аналарды ұлттық қолөнерге үйрету, жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасау мақсатында қолға алынған. Ал «Бетбұрыс» жобасы — қаланың белсенді кәсіпкерлерінің тәжірибелермен бөлісіп, кәсіп ашуына қолдау көрсету; «Бақытты отбасы» жобасы — отбасы құндылықтарын насихаттау, жанұя бірлігін сақтау және ажырасулардың алдын алу, «Сән-салтанат» жобасы — қыз баланың қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын насихаттай отырып, әдептілікке, мейірімділікке, сөйлеу мәнеріне үйрету, ортада өзін-өзі ұстауға тәрбиелеуді мақсат етеді. Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында психологиялық және құқықтық кеңестеру беру бағытындағы «Мейірім» жобасы, балаларға сурет салуды үйрету арқылы олардың дамуына қолдау жасау және қоршаған ортамен байланысты қалыптастыру бағытындағы «Алтын бояу» жобасы да келушілерге өте тиімді болмақ.

 

 

Айта кетейік, Ақтөбедегі «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы 2018 жылы ашылған болатын. Оның ашылуына еліміздің әр түкпірінен келген белгілі тұлғалар, қаламгерлер, ғалымдар қатысты.

«Мұндай ғимаратты мен әлемде кездестірген жоқпын. Бұл — бүкіл дүниежүзіне тарататындай керемет дүние. Бұл аналардың ғана орталығы емес, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызға тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын орталық деп санаймын», — деген еді осы орталықтың ашылу салтанатына қатысқан жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова.

Бұл ғимараттың құрылысын жобалаушы ұйым — «РегионСтройПроект» ЖШС, мердігер ұйым — «ЕСАТ» ЖШС. Үш қабатты ғимаратта «Ана даңқы» музей-галереясы, мультимедиялық экспозиция залы, хореография залы, сондай-ақ бірыңғай тақырыптық кабинеттер орналасқан.

 

М.ТАБЫН,

Ақтөбе облысы.