Ақтөбенің шаруасы мығым, өрісі малға толы

«Qazaqstan zamany» «Нұр Отан» партиясымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «ЕлАна» сайтымен бірлескен «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты экспедициясы Ақтөбе облысында

 

Қай облысқа барсаң да қоңыр күзде қазандай қайнап жатқан тіршілікті көресің. Сүйінесің, сүйсінесің. Біз Ақтөбе облысына Арал арқылы келдік. Қазан, қараша айларында қыс ызғарының лебі ерте келді. Бірақ қыс белгілері өңірлерге ала-құла жетті. Ақмолада қар жауып жатса, Сыр еліне келгенде әдемі кемпіршуақ болып тұрды. Ал Ақтөбе аспанында қорғасын бұлттардың алғашқы легі көрініс бергенмен жылымық әлі кете қоймапты. Біздің экспедициямыздың басты демеушілері «Нұр Отан» мен Ауыл шаруашылығы министрлігі ғой. Обалы не керек облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қолынан келген көмегін аямады. Өткен жылғы экспедициямызда бірге болған осы басқарманың кәнігі қызметкері Диқан бауырымыз биыл да бізбен бірге жүрмекші. Баратын аудандарымыз Қобда мен Ойыл. Партияның кеңсесіне соғып едік олардың басшылары «Сіздерді біздің өкілдеріміз аудан орталықтарынан қарсы алады» десті.

Қобда ауданы 

Әлия ауылындағы мұражай

Бұл ауданға бұрын да осыдан бірнеше жыл бұрын келгенбіз. Қобда батыр апамыз Әлия Молдағұлованың ауылы. Ол кездері барғанымызда жолы кедір-бұдыр еді. Жөнделіпті. Тақтайдай жолмен Әлия ауылына жетіп келдік. Бірден «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығына ат басын бұрдық. Әлемге аты мәшһүр батырдың туған ауылында барлығы бар. Соның бірі осы орталық. Еңселі ғимарат алақандай ауылдың көркі де, мақтанышы да. Бұл ғимаратта тағы бір көңіл аударатын жай бар екен. Басқа өңірлерден, аудандардан келген балалар үшін қонақжай бөлмелер жасап қойған. Ауылдың кіре берісінде орналасқан мешіт те тамаша салыныпты. Мектепке де соқтық. Мұндағы шағын мұражайды да қарап шықтық. Ұстаздармен кездесу жасадық. Сұрақтар беріп, бізді көпке дейін жібермеді.

Қонақ үйі, жатақханасы бар шаруа қожалығы

Жолбасшымыз жауырыны қақпақтай Жанболат Ерғалиев деген бауырымыз аудандық мәслихат хатшысы екен. Өзі әңгімешіл болып шықты. Ісіне ұқыпты Жәкең ауданда бұрын талай лауазымды қызметтерде істегендіктен бе экспедиция жұмысын тастай етіп жасап қойған. Әлия ауылынан шыққан бойда сәл ғана жүрген соң аттың басын сайын далаға бұрды. Дала жолы анау айтқандай шаңдақ емес. Күздің сары шапанын киген жер отты. Нағыз төрт түлік мал үшін таптырмайтын жайылым.


Шағын ауылға келіп ат басын тіредік. Үлкен баздың алды қарбалас. Ішке бас сұққанда байқағанымыз бірнеше қасапшы әлекедей жаланып қой сойып жатыр. Әйелдер ішек-қарын тазалап дегендей бәрі де қарбалас іс үстінде. Тойға емес ет зауытына өткізуге дайындалып жатқан көрінеді. Бұл «Тамбай» шаруа қожалығының қонысы болып шықты. Қожалықтың басқарушысы Жұмағұл Дендешұлы алдымен үй-жайды аралатты. Ауылдың шетінде көз жанарындай әдемі көл бірден көзімізге шалынды. Көл жағасында ағаштан қиып жасаған әсем үй тұр. Ішінде барлық жағдай жасалған. Тіптен басқасын айтпағанда әжетхана да үй ішінде. Көлге балық уылдырықтарын жіберіпті. Болашақта балық шаруашылығымен де айналысу жоспарлары бар. Үлкен ұзынша үйде де сондай жағдай. Жайлы жатақхана бөлмелері бар. Мұнда малшылар, жұмысшылар жатады. Олар вахталық әдіспен жұмыс істейді. Асханасы да осында. Шай ішіп отырып Жұмағұл шаруа қожалығының өткені мен қазіргі жағдайы туралы әңгіме шертті.


— Ең алғаш рет Жанқаладан 105 саулық, 10 қошқар әкелдік. 30 бас сиыр, 2 бұқамыз болды. 70 биені құлынымен Башқұртстаннан жеткіздік. Қымызымыздың 3 түрін жасадық. Саумал, барқыт, бесті. Литрін 600 теңгеден қалаға саттық. Қазір шүкір 1500 бас қойға, 40 шақты қошқарға көбейдік. Солтүстіктен 1000 бас «Ангус» асыл тұқымды сиыр әкелдік. Жазда 20 адамдай жұмыс істейді. Қазір аздау. Айтпақшы жоңышқа да егеміз. 5000 тай шөп жинап қойдық. Тері, жүн өткіземіз. Теріні 2 доллардан, жүнді 50 теңгеден сатамыз. Техникамыз жарақты. Жұмысшыларымыздың орташа айлығы 80 мың теңге. Мемлекеттің тарапынан субсидия алып отырамыз.

 

Көкейкесті мәселелер:

1. Жанармай (солярка) қымбат
2. Теріні, жүнді өткізетін арнаулы мемлекеттік орын жоқ. Ал жеке қабылдаушылар арзанға алады.
3. Жем-шөпке бұрынғыдай субсидия бермейді. Министрлік осы мәселені қайта қалпына келтірсе…

 

Тасқа айналған ағаш, құлпытас, Әулие қыз жұмбағы және…

«Тамбай» шаруа қожалығымен іргелес жатқан басқа да кәсіпкерлердің мекенжайлары бар екен. Біздің экспедиция осылардың жанынан көктей өтіп Абат-Байтақ қорымына бет алды. Біз осыдан оншақты жыл бұрын осы қорымда болғанбыз.
Асанқайғы бабамыздың ұлы Абаттың кесенесі қабырғалары сетінеп құлағалы тұрған. Белгілі тарихшы-археолог Серік Әжіғалиев сол кездері осы қорымды зерттеуге келіп, қосынын тігіп жатты. Мінеки, тағы да сәті түсіп келіп қалдық. Осы қорымның шырақшысы Қонысбек Шәкенов бізді қарсы алды. Сәлемнен соң қорымға кірдік. Қорым едәуір жерді алып жатыр. Жан-жағы қоршалыпты. Ескі молалар төбешік-төбешік болып жойылуға айналған. Өте көп. Жалғыз аяқ жолды төсегенде де олардың аяқ асты болмауын көздеген болу керек, жыландай иретіліп салынған. Көзге Абат бабамыздың еңселі кесенесі бірден шалынды. Жақындағанда байқадық ескі кесене қайта жөнделіпті. Қонысбек бауырымыз бабамыздың 14-15 ғасырларда өмір сүргенін айтып келеді. Бабамызға және осында жатқандарға құран бағыштадық. Кесенеден шыққанда байқадық алдымызда бағаналарға ұқсас құлпытастар самсап тұр. Бәрі де бірінен бірі айнымайды.
— Әйелге, еркекке қойылған құлпытастар ана басындағы кигізілген қалпақшаларға қарап ерекшеленеді, — дейді Қонысбек. Әрбір құлпытаста ап-анық бадырайта жазылған арабша жазулар бар.
— Осы жазулардың мағыналарын ғалымдар әлі де анықтаған жоқ, — деп жолбасшымыз қынжыла баяндады. Тасқа айналып кеткен ағаш құлпытастың тылсым сырын іздегендей оны ұзақ аялай сипаладым. Тағы бір жұмбақ кесене бар екен.
— Бұл кесене Әулие қыз деп аталады. Құлпытасында арабша ма, парсыша ма әйтеуір жазулары ап-анық. Ғалымдарымыз неге екенін кім білсін қанша айтсақ та қауқарсыздық танытып отыр. Оның үстіне көріп отырсыз әне-міне құлайын деп тұр. Археологиялық жағынан тексеріп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп тезірек жөндемесе ертең құлап, жойылып кетуі әбден мүмкін. Содан кейін әркім аян берді дей ме, бұл кісінің аты-жөнін қойып та үлгерді. Мына қараныз Рабиға Бегім деп қойған. Руы табын дейді. Туған және өлген жылына дейін жазыпты. Бірақ бұған менің күмәнім бар. Ал ғалымдар үнсіз…
Қонысбектің реніші орынды. Осы қорымды табын руынікі дейді. Зерттелуі керек-ақ. Абақ бабамыздан басқа ешкімге ешқандай зерттеу жүргізілмеген. Тасқа айналған құлпытастың сырының өзі неге тұрады?

Бата алған Есенбай балаша мәз

Бабаларына ас беріп, құран оқытуға келген үлкен әулетпен танысудың сәті түсті. Алға ауданы, Ақай округінен екен. Есенбай Қалиев ақсақал «Қали» шаруа қожалығының төрағасы. 2000 жылы шаңырақ көтерген шаруа қожалығының 400-дей қойы, 40 шақты ірі қарасы, 20 жылқысы, сондай-ақ трактор, машинасы бар. Жазда бие сауады. «Қырықтың бірі қыдыр» деп біздің батамызды алған Есенбай балаша мәз. Бізді ауылына қонаққа шақырды. «Қайран қонақжай қозағым-ай!» деп біз рахметімізді айтып Қобдаға бет алдық.

Тарихымызды, батырларымызды түгендеген
Қобдадан үлгі ал!

Аудан орталығындағы қонақ үй, мейрамхана салтанаты бізге қатты ұнады. Осыдан он шақты жыл бұрын мұндай заманауи ғимараттар көзден бал-бұл ұшатын. Шүкір бұғанда! Жанболат «Мәңгілік ел» саябағын аралатты. Аралап шыққан кезде ерекше рухтандық. Көптеген ауылдарда, аудан орталықтарында Ұлы Отан соғысының батырларына арналған аллея ғана бар. Қазақ тарихында одан басқа батырлар жоқ па? деген үнемі ойда қалып, ескертіп жүремін. Ежелгі тарихымызды бұлай қойғанда кешегі Жоңғар шапқыншылығындағы, орыс империясына қарсы шыққан батырларымыз қайда? Ашаршылық, репрессияға ескерткіш неге сомдалмайды? Ұлт азаттық көтерілістерінің, желтоқсанның ерлері ше? Ал мұнда барлық тарихымыз, ондағы батырларымыз көрініс тапқан. Астана, Алматы қалаларының көрікті жерлері де осы аллеяда бар. Сіздер Қобдалықтардан үлгі алыңыздар, ағайын!

 

Ойыл ауданы

Қымызбен емдеп, сауықтыратын орталық

Таңсәріден тұрып Ойылға бет алғанда кешегі қорғасын бұлтты ала-құла Ақтөбе аспаны түнеріп, жаңбыр ма, қар ма жауатындай сыңай танытып тұрды. Жолбасшымыз Дихан аудан әкімшілігімен хабарласты.
— Ауданда бүгін түрлі шаралар болады екен. Кеңседе ешкім жоқ. Бәрі де тайлы-тұяғымен сонда жүр, — деді ол басын шайқап.
Жүз шақырым жолдың апшысын қуырып Ойылға жетіп келдік. Орталықта қара құра адамдар жетерлік. Үлкен мерекелік шара өтетіні бірден көзге ұрады. Бізді «Нұр Отан» партиясының аудандағы филиал төрағасы Еркін Жиеналин қарсы алды.
— Сіздердің «Ақыл» экспедициясына қажетті шара өтпекші. Қазір ашылу салтанаты болады. Жүріңіздер біз де үлгерейік.
Біз жақындағанда үлкен әріптермен жазылған жарнама бірден көзімізге түсті: «Сарбие қымызбен сауықтыру және өңдеу орталығы». Еркін дұрыс айтыпты. Біздің де іздегеніміз осы ғой. Бұл орталықты «Атамекен» шаруа қожалығының төрағасы Жандос Сейдеғалиев ашып жатқан көрінеді. Ғимараттың алдында халық жиналып, әжелер, апалар шашуын дайындап асыға күтулі. Аудан әкімі Дастан Сағыров сөз сөйлеп, ақсақалдар батасын берді. Орталықтың лентасы қиылып, халық ішіне лап берді. Біз орталық қожайынын әңгімеге шақырдық.
— Бұл орталықтың ашылуына бас демеушілері әкем Серікқали мен ағам Жалғас. Әзірге 12 адаммен жұмыс бастаймыз. Жоспарымыз ауқымды. 200-дей жылқымыз бар. Болашақ зауыт салсақ деген ойымыз да жоқ емес. Маман дәрігерлерді жұмысқа шақырып отырмыз. Адамдарды бие сүтімен емдеп, сауықтырамыз. Әртүрлі ем, шипа жасайтын 15 бөлме дайын тұр. Атқа мінгізіп мүгедек балаларды емдейміз. Ойыл орманынан 37 гектар жер алдық. Ағаш үйлер салып, таза ауада, жайлауда емдейтін санаторий типтес емдеу орнын ашпақпыз…
Шынында да ашылып жатқан орталық халыққа өте қажет. Ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін жаңғыртып, емдік, сауықтыру әдістерін өмірге әкеліп жатқан кәсіпкерлерден айналдық.
Біз тағы бір осыған ұқсас жақсы шаруаны қолға алып жатқан жас жігітпен арнайы барып жолықтық. Жас маман Рахат Бақдаулетов 1 млн теңге қайтарымсыз несие алып, ипподром ашыпты. Балаларды атпен емдеуді қолға алыпты. Ипотерапия әдісін қолданады. Бұл да игі шара, сәт сапар тіледік.

 

Қызғалдақтар көмкерген форум

Бұл шарадан соң іле-шала ауданның Мәдениет сарайында «Анаға тағзым» форумы өтті. Кіреберісте аудан шаруашылықтарының шығаратын өнімдерін көрсеткен шағын көрмелер ұйымдастырылған. Мұндай форум облыста әкім Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен тұңғыш рет өткізілген екен. Ойылдықтар бұл бастаманы бірінші болып іліп әкетіп, белсенділік танытып отыр. Форумға сыртта еңбек етіп, аудан атын шығарып жүрген әрқилы мамандықтағы қыздарын шақырған. Ауданда да ондай аналар жетерлік екен. Мінберге шыққан шешендер жеткен жетістіктермен қатар тәрбие жөнінде көкейтесті мәселелерді де қаузады. Концерт те қойылды, залдағы аналар мен қыздардың бәріне әсем қызғалдақтар беріліп, сый-сияпаттар да жасалды…

 

Байлықтың көзі — ауылда

Ақтөбеге қарай жолға шыққанда түнерген бұлттар жаңбыр тамшыларын шашу етіп қарсы алды. Біз ұзамай күре жолдан шығып дала жолына қайта түстік. Алыстан мен мұндалап текшелей жиналған алып маялар, мал қоралары көзге шалынды. Кәсіпкер Аманғали Исағалиұлы бізді қарсы алды. Мал өрісте екен. Жұмысшыларға арнап салған әсем моншада отырып, Аманғалидың еңбек жолы туралы қысқаша сұхбат алдық.
— 1986 ж. СХИ-ды бітірген соң, агроном мамандығын алдым. Жолдамамен Ойылға келдім. Тоқсаныншы жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңде көп қиындық көрдім. 2002 ж. егін шаруашылығын қолға алдым. Бау-бақша ектім. Қарбыз, қауын, сәбізім бітік шықты. Жетпіс тоннадай өнім алдым. 5 гектар жерге еккен тарыдан алған бір тонна өнімім кәдімгідей табысқа кенелтті. Несие алдым біршама. 2007 ж. 20 баспақ алып, ет бағытында бағымды сынадым. Кейінірек 150 бас «Еділбай» қойын алып асылдандырдым. Қазір «Нұр-Асыл» шаруа қожалығым бар. Текникам жеткілікті. Еңбегімді ескеріп аудан, облыста депутат та болдым. Жарым Гүлзада-мейірбике, 3 балам бар. Шүкір, жағдайымыз жаман емес. Кәсіпкерлерге мемлекет зор қамқорлық жасап отыр. Жастар мал шаруашылығына сирек келеді. Меніңше байлықтың көзі ауылда жатыр…
Жаңбыр үдеп жауа бастаған соң бізді күтіп отырған бір кәсіпкердің ауылына жете алмай күре жолға түсіп Ақтөбеге бет алдық.

Ертай Айғалиұлы