Ақтоғай ауданында – жаңа әкім
Павлодар облысы Ақтоғай ауданының әкімі болып бұған дейін Ақсу қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Қаршыға Арынов тағайындалды.
Жаңа әкімді аудан активіне аймақ басшысы Болат Бақауов таныстырды. Ол тағайындалушының аудандық басшылық лауазымына қажетті басқарушылық тәжірибесі жеткілікті екенін атап өтті. Облыс әкімі жаңа басшыны құттықтап, оған қойылатын негізгі міндеттерді жүктеді.
– Ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру сіздің жұмысыңыздың негізгі мақсатына айналуы тиіс, – деді аймақ басшысы. – Ауданның әлеуетін мүмкіндігінше молынан пайдалану керек. Аудандағы суармалы жер учаскелерінің аумағын ұлғайту қажет. Біз жаңа суармалы жерлерге қатысты инфрақұрылымдар енгізу жобаларына қаржылай көмек беруге дайынбыз. Алайда оған дейін бұл жұмыстарды бастап, соңына дейін жеткізетін кәсіпкерлер тобын анықтап алуымыз қажет.
Сондай-ақ, Болат Бақауов Қаршыға Арыновқа аймаққа жұмыс күшін тарту және суару мәселелерімен белсенді айналысуды тапсырды.
Қаршыға Арынов мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам уақыт істейді. Оның құрылыс бөлімдерінде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, қаржы және коммуналдық жекеменшік саласында тәжірибесі мол. Бұдан бөлек, ол өндірістік салада да жұмыс істеген.
Әлихан Рахметоллаұлы