Ақылды адам кім?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұрпағы, әкесі Хазіреті Әлиден (р.а.), ал анасы Хазіреті Әбу Бәкірден (р.а.) келетін Жағфар әс-Садық – күллі өмірін ғылымға арнаған үлкен ғалым, тақуа, қаншама танымал ғалымдардың ұстазы. Оның дәріс алқасынан шыққан ұлы ғалымдардың бірі де – Имам Ағзам Әбу Ханифа. Әбу Ханифаның Жағфар әс-Садықты меңзеп: «Егер бұл екі жылым болмағанда Нұғман (Әбу Ханифаның шын аты) құрдымға кетер еді», – деген сөзі баршаға мәшһүр. Жасты болғанына қарамастан Әбу Ханифа Жағфар әс-Садықтан дәріс алып, оны «адамдардың ең үлкен ғалымы» деп сипаттаған. Тіпті, Имам Ағзам Әбу Ханифа Жағфар әс-Садықтың дәрісіне қатысқаны үшін басқа шәкірттері секілді ол да Халифа Мансурдың тарапынан түрмеге қамалған.
Міне, сол Жағфар әс-Садық бір күні Әбу Ханифадан:
«Ақылды кім?» – деп сұрайды. Имам Ағзам Әбу Ханифа:
«Жамандық пен жақсылықты айыра білген адам», – деп жауап береді. Бұл жауабына Жағфар әс-Садық:
«Хайуандар да мұны айыра алады: таяқ жегізген (ұрған) мен жем жегізгенді мал да ажыратады», – деп жауап береді. Сонда Имам Ағзам:
«Мырзам, онда сіздің ойыңызша, ақылды деп кімді айта аламыз?» – деп сұрайды. Жағфар әс-Садық:
«Ақылды деп екі жақсылық пен екі жамандықтың арасын ажырата білген адамды айтамыз. Екі жақсының қайсысы қайырлылау, екі жаманның қайсысы зарарсыздау екенін ажырата алған адамды ақылды дейміз», – деген екен. Міне, Жағфар әс-Садықтың осы жауабынан-ақ оның қаншалықты үлкен ғалым болғанын көруге болады.
Жағфар әс-Садықтың тақуалығына да қайран қаласың. Имам Ағзамның шәкірті әрі сопылардың мырзасы саналған Дауд әт-Таи да үнемі Жағфар әс-Садықтың мәжілісіне қатысатын. Бір күні Дауд әт-Таи Жағфар әс-Садыққа:
«Уа, Алла Елшісінің (с.а.у.) немересі! Маған үгіт-насихат айтсаңыз, себебі көңілім қарайды…», – деп рухани дертіне дауа сұрайды. Жағфар әс-Садық та:
«Ей, Дауд! Сен заманыңның дүниеге көңіл бермеген заһидісің! Менің насихатыма не мұқтаждығың бар?» – дейді. Сонда Дауд:
«Уа, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немересі, сіз басқа жаратылыстардан ардақтысыз. Әркімге насихат айту сізге – уәжіп», – дейді. Сонда Жағфар әс-Садық:
«Ей, Дауд! Мен Қиямет күні атам Мұхаммедтің (с.а.у.) қолымнан ұстап «Неге маған бойұсынуда міндетіңді атқармадың? Бұл іс – текті бір румен болатын іс емес. Бұл іс –Аллаға лайықты бір мәмілемен болатын іс» деуінен қорқамын, – дейді.
Бұл жауапты естіген Дауд: «Уа Аллаһым! Қамырының илеуі пайғамбарлық суынан болған, атасы Пайғамбар, әжесі Фатима болған біреу осыншалықты қорықса, мәмілесі және амалымен өз-өзін ұнатып, мақтанған Дауд кім сонша?» – деп еңкілдеп жылайды.
Міне, әр сөзінің өзі насихатқа толы Жағфар әс-Садықтың өмірінен қысқаша мәлімет – біз үшін де өмірлік дәріс.
Салтан САЙРАНҰЛЫ