АҚЫН КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВТЫҢ ДАСТАНДАРЫНДАҒЫ ТАРТЫСҚА ТОЛЫ ӨМІР ШЫНДЫҒЫ

 

«Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі» поэмасына сәл аялдайық. Ақын бұл жолы да оқырманын а дегеннен жетелеп ала жөнеледі. Көпірме жел сөзден қашатын Кеңшілік ақынның дарабоз талғампаздығы осы жерде тағы көрініс береді.
…Дақпырты жәрмеңкенің жетті бұрын,
Аралап кең өлкенің кетті қырын.
Уақыт-екі ғасыр Өларасы
Қадаған қатар қатар кеп құрығын…
Уақыт­­-екі ғасыр Өларасы,
Қазақтың әлі бейқам кең даласы.
Жәрмеңке… өтсе яки жасауылдар,
Әйтпесе, шенді келсе ел аласы,
Сол кезде бір сілкініп, бір оянып,
Қалады, бір ойланып бел баласы.
Уақыт­-екі ғасыр Өларасы,
Дау-дамай қаңқу толы ел арасы.
Еліріп елдің биі­-«ел ағасы»,
Тұғыры, ойлайтыны-томағасы.
Еңіреп, өксіп өксіп…тұр дағдарып
Жарлысы, жақыбайы, жалаңашы.
Біржан сал дәуірінің шынайы бет бейнесі, отарлық езгіге түскен қазақ даласының кейпі танылады, патшалық Ресейдің үстемдігінің де ызғарын ақын бейнелеп өтеді.
Осылай, осылайша елу жылдан,
Ақ патша жәрмеңкені желі қылған.
Қазақтың кең даласын сол желімен,
Жұп жұмсақ желбезекке жемі қылған.
Алмай ақ түз елінен ұрып, тартып,
Кісендеп жәрмеңкеге кіріптар ғып,
Даланың бөрілерін алған матап,
Бөрінің құны емес пе құныққандық!
Қоянды жәрмеңкесіне жиналған қазақтардың саудаға жоқтығын, баққан малының құнын түсіріп, кім көрінгенге жем болғанын да ащы мысқылмен осып өтеді арасында.
Қызғанған қызыл итке таланғанын,
Білді ме, білмеді ме талай қауым.
Ту қойға тарақ сатып алғанға мәз,
Ту бие бір бүтіндеп жамауларын.
Қайттық деп Қояндыдан жәрмеңкелеп,
Келгендер дес бермейтін елге ентелеп.
Иісі жоқ алдамшы бір иіс суды,
Алғаны борша борша термен төлеп…
Патша ағзамның жандайшаптарымен, сығыр көпестердің мұрттарының майланып жатқанын ащы мысқылмен түйрей келіп:
Қоянжым Қояндының жәрмеңкесі,
Қазақтың келетін жер сал серкесі.
Солардың арқасында араласып,
Жататын сахараның салқар төсі…
Осылайша кең тынысты ақын Қоянды жәрмеңкесінің кереметі мен кертартпа тұстарын, Бай шонжарлардың менмендігі мен жәрмеңкеге жиналған қалың елдің саудаға қыры болмаса да, өнерге деген өлермендіктерін жайып салады.
«… Бір жылы Қояндыға келді Біржан…» деп алып,
Бұл Біржан сондықтан да дара Біржан,
Жүрекке халқын қалқан, пана қылған.
Атағы асып кетті сондықтан да
Атығай, Керей, Уақ, Қарауылдан.
… Сол Біржан осы Біржан, қайран Біржан,
Келе сап Қояндыны қайран қылған.
Біржанды келеді деп күтуші көп,
Жиналған исі қазақ ойдан қырдан.
Осыдан кейін оқиға желісі тармақталып кете барады. Болыстардың ішіндегі Көлбай-Жанбайдың Біржан салға деген немқұрайлы пейілдері, атақты Поштабайдың іс әрекетінің жан шошырлық екені де ойға салынады. Ақ патшаның да ел ішіндегі беделі зор, азулы деген тұлғаларға іш тартып отырғаны шамалы. Оны ақын тап баса біледі.
… Бұл жылдар-соңғы жылдар Қояндының,
Көтерген тек сауда емес-ноян жүгін.
Сауда мен саясаттың сыртын сылап,
Ақ патша аямай тұр аярлығын.
Халықтың кіру үшін ішіне үңгіп,
Табуға болғанымен не бір сұмдық!
Алдымен Біржан сынды тентектердің
Аузына салу керек темір сулық…
…Сондықтан Көлбай-Жанбай керек құрал,
Айласы іске асуға медет қылар.
Буынын алу үшін бұл халықтың
Жіберер буын құртын демеп бұлар…
Халыққа шекесінен қарамаққа,
Өзгеден өзін биік санамаққа,
Біржанды Көлбай Жанбай берсе матап,
Оны да ұпайы үшін салмақ отқа…
Адуынды ақын арқылы барша қазақты шошытуға болатынын сезген жандайшаптар Біржан салдың жігерін құм етуге бар күштерін салады. Тіпті Орынборға хат жөнелтіп, халықтың арасына іріткі салып жүрген қазақты тұтқындауға рұқсат сұратады. Бәрін жасап жатқан өзіміздің қазақтар баяғы. Поэманы түгел оқып шыққанда Біржан сал арқылы сол кездегі ел тұрмысының хал ахуалын, қара бастарын ойлаған бай шонжарлардың жасқаншақ кейіптерін көріп түңілесің. Ауызбіршіліктің жоқтығы қайда апарып соғатынын пайымдайсың. Және бір ғажабы ақын шебердің қолынан шыққан мүсіндей етіп, төгіліп түскен жыр маржандарымен баурап алады. Тілі де сондай көркем. Оқи бергің келеді. Айтар ойларын нақты теңеулер арқылы беруге тырысады. Онысы және дастандарының сыртқы сұлулығын ғана емес, ішкі динамикасының да қуатын арттырып тұр.
«Ақын поэмаларындағы Біржан, Иманжүсіп образдары ақиқатына сендірер, рухы биік, жұлдызы жоғары сомдалған.
Базары жәрменкенің әнге айналып,
Жан жақтан біржанды іздеп, жауды ай халық.
Атағын Қояндының осы күзде,
Әкетті Біржан әні шалғайға алып.
Екі ғасыр өларасындағы дақпырты ат шаптырымнан да алысқа кеткен Қоянды жәрмеңкесінің дүбір дүрмегін көз алдыңызға келтіре жырлаған ақын Біржан сал бейнесі арқылы өшпес өнердің құдіреті мен мәңгілігін айқара ашып көрсетті.
«Иманжүсіп» поэмасы тақырыптық жағынан үлкен жүк көтеріп тұрған, өрлік пен ерліктің ескерткіші тәрізді шоқтығы биік туынды.
Тас түрмеге таққа бола түспеген, «ешқашанда аққа қара жаппаған» ақын образы айшықты тіл, тартысқа толы оқиғалардың өрілуі арқылы көркем шешім тапқан. Кеңшілік ақын кейіпкерінің болмыс бітімін, ішкі дүниесін ашуға аса шебер.
… Басына салдым бүркіт,
алдым түлкі,
Қыран ба?…
Құс болғанмен әркімдікі
Талайлар айып жала жаққанымен,
Кісенін сала алмады тағдыр құлпы.
… Өкілі сегіз болыс, жүз қаралы,
Төбе би төрда отырған сызданады.
Сескенбей ештеңеден Иманжүсіп
Сотта тұр
Қараөткелдің мұзбалағы.
«Азаттық аңсаған ақынның өжет болмысы, жан сарайындағы қақтығыстар шығарманың өн бойында сәтті өріліп, сол заманның қан тамырымен бірге соғып тұр. Оқиға баяндау ғана емес, монологтар, диологтар арқылы желі тартып, ақын кібіртіксіз еркін көсілген дейдіҒалым Жайлыбай». [1.32].
Жазушы Аманхан Әлімовтың Кеңшілік ақын туралы төмендегідей пікірі де ерекше назар аударуға тұрады: «Лирик ақын Кеңшілік болмысынан үлкен эпикалық тыныстың да иесі еді. Онысы ұзақ-ұзақ толғау, балладаларынан ақ қылаң ұратын. Оқиға желісі, баяндау мәнері, жазу стилі өзгеге ұқсамайтын ол, еркін көсіледі. Жазғандарында кібіртік танытып, іркіліп, тежелуі кездеспейді. Сондықтан болу керек, ақын поэма жанрында да судағы балықтай сезінеді. «Қоянды жәрмеңкесі», «Иманжүсіп», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Қойшы мен космонавт», «Сарыөзек сағыныш» поэмалары соның айғағы. Аталған туындылардың қай қайсысы болсын тақырыптық жағынан үлкен жүк көтеріп тұр. Шымыр сомдалған Біржан мен Иманжүсіп образдары жан-жақты ашылған, сенімді, жүріп көргені, біліп сезгені еркіндік қана болған екі алыптың болмыс бітімі шынайы да сыршыл шертіледі. Кеңшілік поэмаларындағы диалогтарды оқығанда керемет шеберлікке таң қаласың. Оларда ақын кейіпкерлерінің жан дүниесін, бітім болмысын барынша ашады.
«Өкілі сегіз болыс. Жүз қаралы,
Төбе би төрде отырған сызданады.
Сескенбей ештеңеден Иманжүсіп,
Сотта тұр Қараөткелдің мұзбалағы.
— Ал, кәне, сөйле? – деді төрдегісі, —
Дейді ғой, осы өңірдің сен бөрісі.
— Ол рас, – деді сері,- сол бөрінің
Қор боп тұр кештеу түлеп көнтерісі». (Иманжүсіп».
«Осы бір қас пен көздің арасындағы сөз қақтығыстан-ақ ақын өзінің кейіпкерінің алымдылығына қоса шалымдылығын, өжет ерлігін пайымдайды. Кейіпкер мінезін ашуда мін жоқ. Мұны поэманың кез келгенінен байқауға болады» – дейді байқағыш сыншы.

Нағашыбай Қабылбек
Жалғасы бар