«Ақжайық» жеңімпаз атанды

Батысқазақстандық өнер ұжымы «Рухани қазына» республикалық онлайн фестивалінде үздіктер қатарынан көрінді.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлеріне арналған «Рухани қазына» республикалық фестивалі биыл үшінші мәрте ұйымдастырылды. Жуырда елордада шараны қорытындылауға арналған салтанатты кеш өтіп, топ жарған үздіктер марапатталды. Олардың қатарында БҚО халық шығармашылығы орталығы жанынан құрылған «Ақжайық» халықтық би ансамблі де болды. 40 жылдан астам тарихы бар би ұжымы «Рухани қазына» республикалық фестивалінде «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы-2020» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

 

 

Облыстық халық шығармашылығы орталығы директоры Мәулет Жұбатов «Ақжайық» ансамблі кәсіби ұжым болмаса да, көркемдік деңгейі жағынан өзге би ұжымдарынан қалыспайтынын жеткізді. Ансамбль жетекшісі Әсел Дәулетова өзі де 8-сыныптан бастап осы ұжымның құрамында өнер көрсеткен екен.

– Ансамбльдің негізін қалаған Ғаббасов Құрамыс деген азамат. Ал мен 2009 жылдан бері жетекшілік етіп келемін. Өнер ұжымы 1977 жылы «халықтық» атағын алды. Бұрын ән-би ансамблі болған екен, қазір би ансамблі ретінде өнер көрсетіп жүр. Жетістіктері де өте көп. Солардың ең негізгілеріне тоқталсам, ҚР Тұңғыш Президенті қорының медалі мен сыйлығының иегері. Бұдан бөлек облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Бүгінде ансамбльдің құрамы 16 қыздан құралған. Басты мақсатымыз – қазақтың ұлттық билерін көбірек насихаттау, – деді Әсел Ерболатқызы.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы