Ар алдында
Алдыңда тұрмын,
Кінәлап қайтем өзгені?
Ақ жүрек Арым,
Ашынған жаның төзбеді,
Жаралы Жердің,
Қаралы Жердің қайғысын
Батпандап алып, тартқанда Тарих безбені.
Жүрдім бе өткен күндерім үшін арланбай,
Келдім бе әлде болашағыма қамданбай?
Азынап өткен азалы Заманалардың
Азабын тарттым,
Жаһанда жалғыз қалғандай!
Бозқасқа шалып боз таңда,
Оймен не түрлі
Бозарып тұрдым батысқа бұрып бетімді.
Оқ атып Машук түбінде мұңмен мұнартқан,
Қараойда қанжар сермеген өзім секілді.
Көкөзек қайта толғандай дүрмек, дүбірге,
Қособа көзден жоғалды сүңгіп іңірге.
Бұғау мен кісен қоңырау соғып алдымнан,
Жолымды менің бастады қайта Сібірге.
Сұп-суық, сұр бұлт төсінен тамшы тамбастан,
Сұрланып тұрды шерменде болған шерлі аспан.
Көгермес, білем, көз жасын жұтып КарЛагтың
Сарғылтым Дала сан тұяқ қанды мөр басқан!
Тұр, әне, Тайга мұңыма кірпік қақпаған,
Колыма жатыр қайғыдан теріс ақпаған.
Омырауынан сүт саулап өткен АЛЖИР* мен
Бухенвальт үшін
Алдыңда қалай ақталам?!
Отқа да түстім,
Өртенген шақта өзегім
Суға да түстім.
Қайтемін енді?
Төземін!
Хиросимада лаулаған Тарих бетінің
Жарығыменен…
Жаһанды қайта кеземін!
Оспадар қоғам осқылап қанды сауырын,
Арқырап зулап келеді тарпаң Дәуірім.
Азамат болсаң,
Адамзат үшін жауап бер!..
Ар-ұжданыңның алдында
Сен де, бауырым.
Арман ҚАНИ
1990 жыл.
*Акмолинский лагерь жен изменников Родины
деген сөйлемнен қысқартылған сөз.
Арман Қани фб парақшсынан