Әр қазақ білуге тиісті

І түс

Хандық ғұмырының алғашқы күнінде Абылай түс көреді. Бұқар жыраудан түсін жоруын сұрайды…

«Астымда қылқұйрық жүйрігім бар екен. Сарыарқаның сайын даласында серуендеп жүрмін», – дейді хан. – Азуы кереқарыс дәу арыстан батыс беткейді бетке алып тұра қашты. Астымдағы жануарды қос төсінен екпіндетіп, тепсіне сала, сауырына қамшы бастым. Тұяқты жануар дес берсін бе, қуып жетіп, көп арпалыспай арыстанның ішін қанжарыммен орып жібердім. Міне, қызық! Арыстанның ішінен бір жолбарыс атқып шықты да, ол да қаша жөнелді. Тұра қудым. Жете беріп, аш бүйірге қолымдағы қанжарды тағы салдым. Ақтарыла кеткен қарыннан көкжал қасқыр шықты. Ес жиып үлгергенше, ол да қашты. Ұзаққа апармай, қасқырды да жайратып салдым… Енді қызыл түлкі қашып барады. Түлкіні де қуып жетіп, қарыннан осып жібергенімде, ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарылып қоя берді… Бірақ, бұлар менен сескенбеді, қашпады. Бәрі жабыла быжынап, астымдағы қылқұй-рықтының сауырына, жалына өрмелей түсті. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кетіппін».

Абылайдың түсін мұқият тыңдаған Бұқар былай жорыған екен: «Қылқұйрыққа мінгенің – хан тағына отырғаның. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады. Одан туған ұл да жолбарыстай қайратты, ержүрек, батыл болмақ. Жолбарыстай тұқымыңнан туған шөберең көкжал қасқырдай азулы, айлалы, күшті болып жаратылады. Ал одан тараған ұрпақ заманына қарай қызыл түлкідей қу, алайда, сужүректеу келеді. Одан кейінгі тұқымың әлгі бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесірткедей майдалана түспек…»

ІІ түс

Мәжілісте келелі мәселе сөз болғалы тұрған соң, Бұқар жырауды Абылай әдейі шақырған. Бұқар кіріп келгенде, Абылай өзі түрегеліп, оң жағынан орын берді… – Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағын. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып жатыр. Қасымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап, мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтыламын деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға? Бұқар тұнжырап біраз отырды. Үй іші де тына қалды. Әлден уақытта барып жырау: — Түс жору – түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сөйтсе де жорып көрейін… – Сөйлеңіз, көмекей әулие… – Қырыққа келмей табытта жатсаң – өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ хан атына ие болсаң да, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтыламын деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің… Ал аяқ жағында тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі Құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен. Абылай үндемеді. – Үндемей қалдың ғой, сұлтаным. Шешуім ұнамады ма? – Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атағын майданда қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда қаламын?.. – Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса, үш жүздің жүрегінде қаласың!

Абылайдың қабағы жадырап сала береді.

Абылайдың үш арманы

Ұлы хан дүниеден өтер алдында қоштасуға келген Бұқар жырау: «Хан ием, не арманың бар?» – деп сұрайды.Хан:

– Үш арманым бар.

Біріншісі, менің елім мал емшегін емген ел еді, аяғына дейін жер емшегін емізе алмадым.

Екінші, менің тұсымда қан көп төгілді. Соған өкінемін. Егер мен жаудың қанын төкпесем, ол менің қанымды төгетін еді.

Үшіншісі, елімде телі мен тентек көп болды, бастарын біріктіру қиынға түсті, – деген екен.

Ілияс Есенберлин,
«Көшпенділер»