Әр қазақстандықтың мойнына 9300 доллар қарыз ілінген
Қазақстанның қарызы 7 ай бойы өсімін тоқтатпай, 2017 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткіш бойынша 167,89 миллиард долларға жетсе, бұл қарыз әр адам басына шаққанда 9300 доллардан келеді екен. Қазақстанның сыртқы қарызының экономикамызға және әрбір қазақстандыққа қандай қаупі барын экономист Магбат Спанов: «167,89 миллиард — өте үлкен қарыз, ал оның теріс әсері туралы сөйлеу үшін әлгі қарыздың нақты құрылымы қандай екенін білу керек. Ұлттық банк мәліметі бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызының құрылымында мемлекеттік және мемлекет кепіл берген сыртқы қарыз 13,9576 миллиард доллар. Бұл жалпы қарыздың 8,3 пайызы.
Мұның ішінде 13,241 миллиарды — мемлекет қарызы. Мемлекеттік, мемлекет сыңайлы сектор, шаруашылық жүргізу субъектісі және банк секторының қарызы қаншаға өсті? Егер мемлекеттік қарыз өссе, мұның кері жағы көп. Егер мемлекеттік қарыз кеміп, ал сыртқы қарыз өссе, қаржы алған нақты фирмалар жауап береді. Сонымен бірге, шаруашылық жүргізу субъектісі қарызды кредиттік желі бойынша алса да, қарызды бәрібір мемлекет төлеуі керек болады. Сыртқы қарыз әрбір қазақстандық үшін әлеуметтік төлемдерге қатысты қиындықтар туындатады. Мектептер, ауруханалар, тұрғын-үй кешендері аз салынады және тағы басқасы.
Біз өзгенің ақшасын шашып, ал өзіміздің ақшаны кредит жабуға береміз. Қарыз қайтуы керек. Бұл біздің қаржылық русурсымызды дұрыс пайдаланбайтынымызды білдіреді. Мәселен, Ұлттық банктің алтын қоры артып келеді. Ал ұзақ келіссөздер нәтижесінде қол жеткізген қаржы тиімді жұмсалмайды. Мәселен, кейін пайдаланбайтын медициналық жабдық сатып алынады»,— деп түсіндірсе, тағы бір экономист Алмас Чукин: «Бізге мемлекет сыңайлы сектор қарызы алаңдаушылық тудырады. Өйткені олар олар мемлекеттік қарыз құрылымында көрсетілмейді.
Біздегі осындай сектор қарызды көп алды. Зейнетақы қорынан төлеу керек болғандығына қарағанда — бұл өте үлкен қарыз және мұндайды тоқтату керектігі айтылып жатыр. Өйткені бұл қарыз көрінбейді. Олар сырттан қарыз алады, ал аяғында оны бюджет есебінен төлеуі тиіс болады. Бұл алаңдатарлық жағдай. Рас, Қазақстанның сыртқы қарызының өсуінің оңды тұстары да бар.
Мәселен, соған үлкен жоба — Chevron іске асырып жатқан Қашағанды кеңейтудің екінші фазасын жатқызуға болады. 3-5 миллиард жұмсады, ары қарай да жұмсамақ. Бұл фирманың ішкі қарызы ретінде толтырылады. Chevron компаниясының қазақстандағы өкілдігі басты компанияға қарыз. Алайда жалпылай алғанда бұл сыртқы қарызға жазылады. Ал негізінде, бұл — таза инвестиция. Бұл үшін қуануға да болады», — дейді.
Ермек Сахариев