“Ар-ұяттың” сатылғаны — шаңырақтың шайқалғаны қыздарымыздың тәнін ашып, пәктігін саудаға салғанынан-ақ көрініп тұрған жоқ па?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың,
ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаевтың назарына!

 

 

«Мәдениеті» жоқ телеарналарға мәдениетсіздер қожалық етуде…

Сәуле Мешітбайқызы
Дәурен Абаев

Құрметті ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаев мырза! Сіз тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәлімін алған, сенімін арқалаған санаулы азаматтардың бірісіз! Біліміңіз, біліктілігіңіз бір басыңызға жетеді. Тәжірибеңіз де ұшан-теңіз. Сондықтан да ұлттық мәселеге бей-жай қарамайтыныңыз белгілі. Соңғы уақыттары телеарналарда рейтинг қуалаған журналистердің айтуға адам аузы бармайтын, қазақы түсінікте ұят саналатын мәселелерді көтеріп, халықтың ашу-ызасын туғыза бастағаны жаныма батады. Осы орайда Сізден телеарналарға қатаң бақалауды күшейтіп, ұлт руханиятына тас лақтыратын бағдарламаларды қадағалауға алуыңызды өтінемін. Ұлы Абайымыз, дана Абайымыз «Арсыз болмай атақ жоқ. Алдамшы болмай бақ қайда?» деп артына күңіреніп, күйзеліп жыр қалдырды. Оған да ғасырдан аса уақыт өтті. Бірақ бұдан нәтиже шығарған қазақ аз. Тіпті өлеңнің мағынасын тура тәпсірлеп алғандай әсерге бөлейді. Қарап тұрсаңыз, билік басында да, қайнаған тіршілік қасында да арсыздық үшін күрес. Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда біразымыз арсыз атақ қуып, алдамшы баққа «көмілгендерді» қызықтап келе жатырмыз. Олардың жұлдыздары «оңынан туып», бағалары асқақтап тұр. Әсіресе қазақ қыздарының сорақы қылықтары, бейәдеп істері, ұятсыз қадамдары, көргенсіз тәрбиелері шектен шығуда. Кім кінәлі? Ата-ана ма, дүбірге толы қоғам ба? Әлде ұлттық идеологиясының шегесі босап кеткен билік пе? Сіз не дейсіз, министр мырза?
Қыздан ұят қашқан заманда қай істің де болсын берекесі қашатынын бабалар даналығы баяғыда айтып кеткен. Оған ынтымақтың ыдырауы, ауызбірліктің қашуы, санасыз ұрпақтың шығуы, ұрлық-қарлықтың көбеюі, парақорлықтың белең алуы, халық пен биліктің арасының алшақтауы, т.б. дәлел. Басқа да себеп-салдары көп-ақ… Бірақ бұған селт еткен билікті, елп еткен зиялы қауымды аз көрдім. Көпшілігі енжарлық құшағында. Нәпсі деген иттің сілекейі шұбырып аңсайтыны тән қалауы ғана. Имандылық-ибалық орта жолда қалды. Ішсем, жесем, көрсем деген пенделік түйсік — алдыңғы орынға шықты. Анасын, қызын, қарындасын қызғыштай қоритын, сырт көзден қызғанатын ата қазақтың баласы сиреп барады. Азғындықтың бұдан асқан түрі бар ма, ағайын? Біз осы неге мәзбіз? Неге жетісіп күлеміз? Көзді арбаған дүниенің арсыз қылықтарына мәзбіз әрісі! Сыртымыз бүтін болғанымен, ішіміз көкала көк түтін. Көз алдымызда шайтани тірлік — иманы әлсіздерді өзіне бейімдеп, оның әскерінің санын арттыруда…
Телеарна толы қаптаған сериал, мағынасы тайыз ток-шоулар, сайқымазақ актерлар, жұлдызға айналған әнші-жүргізушілер, шетелдік шедевр кинолар, ондағы қырып-жойған атыс-шабыс, зорлық-зомбылық! Одан қалды рейтинг қуған «аламан жарыс». Ол үшін белдің арын белбеуге түю түк емес. Ұят, ар деген адами өлшем білте басындай сығырайып әрең жанып тұр… Бұдан хабарыңыз бар ма, министр мырза! Бұлай еті арқылы теледидар беделін көтеруге болмайды ғой. Иә, бойымыздағы ата-баба қаны арқылы жеткен ізгілік тамшысы миға оралғанда, жоғарыда сөз еткен «пірлеріміз» шектен шығып бара жатса, әрегідік у-шу болып байбалам саламыз. Сондай шуылдатқан оқиғаның көкесі кеше ғана әлеуметтік желіні «жалынға орады». Әлеуметтік желі деген рахат қой, шіркін! Кім көрінген келіп «сарп кетсе де» арызданбайды. Аузыңа келгенді айтуға, қаралап-даттауға таптырмайтын орын. Ол жердегі жанайқайлар жоғарыға жетіп жатыр ма, жоқ әлде, лағып далаға кетіп жатыр ма, тек бір Аллаға ғана аян!

Көрермен тартудың ең оңай жолы — арсыздыққа бару

Бір аптадай уақыт өтті. Халық у-шу. «Қазақ қызы «пәктігін» саудалапты. Құны — 2-3 миллион теңге. Студент екен. Ақшадан қысылғасын барыпты бұл қадамға. Анасы да разылығын беріпті…». Әлеуметтік желінің бар түрінде осы сілтеме өріп жүр. Ар жағын басып қалсаң — видео. Видеоны қосып қалсаң Ләйлә Сұлтанқызы мен балуан денелі Алмас Алтай, қара торы қазақ қызы Айнұрға небір қитұрқы сұрақтарды қойып төпелеп жатыр. «Қыз арын тігуші де», гинеколог маман да осында. Жақтайтындар да, даттайтындар да қара құрым. Екі журналист «Қиыннан қиыстырған» тақырыптарының оты «өрши түсуін» қалап, «құшақ-құшақ» отын тастап қояды. Ауызекі айтуға ұят сөйлемдер ашық жарнамалануда. Бағдарламаның танымалдығын арттыру үшін қос журналист өлермендік көрсетуде. Өздерінше сенсация жасап, байғұс қыз арқылы қоғамдағы «беті бүркелген» шындықтың «терісін сыпыруға» талпыныс жасап әуре…
Қандай жиіркенішті көрініс еді! Ұлттық танымға жат, қазақы менталитетке қайшылығы көзге ұрып тұр. Біреулер, «шындық қой, шындық қай кезде де ащы сезіледі. Оған бола кінә арту — ағаттық!» деуі де мүмкін. Бірден айтайын, бұл шындық емес. Шындық бұлай айтылмайды қазақ танымында. «Біреу, біреуді балталап өлтіріпті», «Біреу, біреудің қызын зорлапты» т.б. жаман сөздерді естігенде, бұрынғының үлкендері «Мал құлағы саңырау, оны адам тұрмақ малдың құлағына естіртпеңдер» деп тыйым салып отыратын… Жамандықты жария еткенің жаманға көмектескенің. Жаманға көмектескенің мұсылман баласына Алла бұйыртқан жақсылықтың жолын байлағаныңмен бірдей болады. Біз осыны ескеруден қалып барамыз, ағайын. Ал, осыны ескеретін кім бар?
Әйтпесе интернет әлемінде «Пәктік сату жайлы» ақпараттар бұған дейін де болған, бұдан кейін де бола бермек. Тек оны оқу, оқымау әркімнің еркіндегі іс. Бұл да — бір сынақ! Сосын бұл ақпараттар оқырман жинаудың ең оңай жолына айналған «көсем тақырып». Иманнан жұрдай халық бір ашып қарайтынын статистика да жоққа шығармайды….
Ендеше қазақы тәрбиеде өскен, қазақтың салт-дәстүрін бойларына сіңірген, қазақы ортада танымал екі бірдей журналистің рейтинг үшін айтуға адам аузы бармайтын «қыз абыройын» жалпы халықтың ортасына алып шығуы — шынымен жаңашылдық па? Бұл өзі таңсық нәрсе ме, қазаққа? Әлеуметтік желінің арқасында «қыз абыройын тамашалау» ең қол жетімді дүниеге айналғанын, шетелдің небір танымал телеарналары — «бұл тақырыптағы» мәселелерді жан-жақты талқылап тастаған баяғыда. Оны қайталау арсыз атаққа өрмелеудің сатысы емей не?
Иә, жаһандану дәуірі — бар ғаламның қоқысын ақ парақтай таза қазақ танымына әкеп төгуде. Еліктегіш халықтың бұл да есін алып тұр. Маңайдың бәрі лай-батпаққа айналғанда, ол жерден аяғыңды былғамай өту мүмкін емесі секілді нәрсе ғой бәрі… Кірден жуып арылу оңай, ал, ар-ұят өлшемі — «Өлімнен ұят күшті» деп бағаланады қазақ даналығында. Осы тұрғыдан қарасақ, қос журналистің жерден жеті қоян тапқандай қазақ қоғамындағы «қыз абыройының» сатылуын қолдан ұйымдастырып, «пәктікті қалпына келтіру» жайлы арзан ұпай жинап алғандары жақсы қадам емес. Дәлелмен сөйлейік. Өтірік ешқашан өрге сүйреген емес адамды.

 

Рейтинг үшін… Алданған қыз… Арбалған жұрт…

Арада көп уақыт өтпей Ел алдына шығып, пәктігін 2 миллион теңгеге сататынын жария еткен Айнұр енді басқаша сөйлей бастады. Ол «хайп» үшін жалған ақпарат бергенін, эфирде жай ғана рөл ойнағанын жайып салды. (Бұл туралы видео әлеуметтік желіні шарлап жүр).
Оның айтуына қарағанда, бағдарлама редакторлары оны Instagram арқылы тауып шақырған. Алғашқыда қыздық перде жайлы пікірін білдіру үшін келісімге келген, кейіннен басқаша ұсыныс тастаған. Алматыда оқитын қызды Астанаға алдыртып, танымалдылық үшін жалған хабар беруін сұраған.
«Келістім. Бірақ мынадай рөл аламын деп ойлаған жоқпын. Келесі күні хабарласып: «Сіз қыздығымды сатамын деп шығасыз», — деді. «Ондай да бар ма?» — деп күлдім. «Иә, халықты шулату керек қой. Осылай айтсаңыз, ел дүрлігеді деді», — дейді Айнұр. Бұдан кейін Айнұр әлеуметтік желідегі парақшасында хабарландыру қалдырған. Барынша шынайы етіп көрсету үшін жекесіне келген хаттардың да көшірмесін редакторларға жіберген.
«Бағдарламаға барған кезде «осылай айтасың» деп үйретті. Соңына дейін «сатамын», —деп отырасың, «сатпаймын деп шықпа», — деді. Міне, нағыз шындық!
Алайда қос журналистің «трюктері» бейшара қыздың тағдырына балта шауып, оқудан шығуына, ағайын-туыс, құрбы-құрдас алдында қарабет болуға апарып соқты. Студент қыздың обалы кімге енді? Бағдарламаның рейтингін көтеру үшін бір ғұмыр «құрбандыққа шалынды». Бұдан асқан сорақылық бар ма? Жаман айтпай жақсы жоқ, күндердің күнінде, ашуға берілген бейшара қыз, өз-өзіне қол жұмсап жатса, жауапкершілікті кім арқалайды? Арзан атақ қуған бағдарлама ұйымдастырушылары имамдарды қатыстыруды да ойластырыпты. Әйтеуір айқай-шу көбейтудің бар амалын қарастырғандары көрініп тұр.
ҚДМБ өкілі Ағабек Қонарбай былай деп жазды. «Өткен жолы «Өз ойым» ток-шоуының продюсері: «Ертеңгі тақырып «қыздығын» сатқысы келген қыз туралы еді. Осыған имам жіберсеңіз…» деп өтініш білдірді.
Оны жұмысқа шақырып алып, насихат айттық. Айдай əлемге əшкерелеу əдісімен мəселені шешу мүмкін емес екенін түсіндірдік.
Ұзақ-сонар əңгіменің тоқетері: тезекті түрткен сайын сасиды…
Бұл бойжеткеннің өзіне берілген «рөлді» сомдап шыққан-шықпағаны бізге беймəлім. «Сценарий ғой» деген ойға құлай бергің келеді.
Десе де оны оқудан шығарып жібергені туралы ресми ақпарат тарады… Бұл енді обал емей, немене?..
Оның обалына қалып, бағдарламаға бедел жинап тапқан тамақ өңештен қалай өтер екен…
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». «Өз ойым» шектен шықса, көзі ашық көрермен күңіренер… Иман келтірген қазақтың бір баласысыз ғой, жөн сөзге сіз де тоқтарсыз, министр мырза!
Мені толғандыратыны, арзан атақ қуып, арсыз қойылым жасаған қос журналистің ар алдындағы болмыс-бітімдері, бала-шаға алдындағы құндылықтары қалай бағаланбақ? Оған әріптесі жауап беріп қойыпты.
Белгілі журналист Дана Нұржігіт: «Мен «пәктігімді саудаға саламын» деген тақырыпта бағдарлама жасап, кейіпкерге ақша төлеп, «хабар жасадым» десем… Құдай қарттық беріп жатса, болашақта баламның бетіне қарай алмас едім.
Нәжісті лоқсымай, жымиып қойып, «езіп отырып, абыройды рейтингтен төмен қою үшін ет өліп кету керек!» депті. Бұл туралы Сіз қандай ойдасыз, министр мырза!
Неге «Таусоғар» ұл — тышқаншылап, «Қыз жібек» қыз — түтіліп кетті?
Бірден айтайын, жаһандану дәуірінде сатылмаған не қалды? Асыл қасиеттің өзегі — ар-ұятын сатып, билік сатысына өрмелеп жүргендер қаншама? Ар-ұятын сатып, ақырында парақорлықпен ұсталып жатқандарға не шара? Бұған арын сатқан қыз қосылса келешегі кемел деп дәріптеліп жүрген қазақ қоғамының керегесі сетінеп, шаңырағы шайқала бастағаны ғой. Бізді осы ой мазалайды… Меніңше халықтың едәуір бөлігі «Өз ойым» деген бағдарламаның барынан хабарсыз. Тек әлеуметтік желінің ықпалымен «танымалдыққа» ие болып отырған арна сияқты. Аты шықпағасын жер өртеп жүрген журналистер көп негізі…
Сонымен біз де видеоны аштық. Көрдік. Арсыздыққа бастар жолдың «алаңқайы» көрерменге лықа толы. Қазақтың «Таусоғар» ұлы — тышқаншылап кетіпті. «Қыз жібектей» қызы — түтіліп кетіпті. Әйтсе де арзан атақ қуып, мақсаттарына жетіпті. Рейтинг өсіпті. Танымалдықтары артыпты. Мұндай танымалдық бізге қажет па…?!
Бірақ халықтың қарсылығына тап бол-ғандарын олар сезе ме екен, шіркіндер? Қалың елдің ішіндегі арлы азаматтар өз көзқарастарын ашық жазып, жариялап жатыр. Ол жазбаларды оқыса, азғындыққа бой ұрмаған халықтан кешірім сұраулары керек еді? Бәлкім, оны сіз талап етерсіз олардан, министр мырза! Белгілі журналист Арман Сқабылұлы: «ӨЗ ОЙЫМ» жабылуы тиіс деп ашық пікірін білдірді. «Көпшіліктің, көрерменнің, әріптестердің пікіріне пысқырмайтыныңды білемін, Ләйлә Сұлтанқызы! Бірақ, Қазақстан Республикасы БАҚ туралы заңының 13-бабына сәйкес «…те-лерадиобағдарламаларда порнографиялық және арнайы сексуалды-эротикалық тақырыпты» насихаттағаныңыз үшін бағдарламаңыз жабылып, құрылтайшыларыңыз жауапқа тартылатынын неге білмейсіз? Ал, Қылмыстық Кодекстің 309 бабына сәйкес «жеңгетайлық» жасағаны үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айырады. Сіз шынымен керемет журналист болсаңыз эфирде сол сексуалды-эротикалық тақырыпты қозғап, абыройын сататын қызды жарнамалаған кезде осыны ойлауыңыз керек еді. Бұл мәселеге ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жауап береді деп үміттенеміз».
Халыққа танымал режиссер Талғат Теменов ойын былайша жеткізіпті: «…Әу, ағайын, сонда бізде бүгінгі таңда басқа әңгіме табылмаған ба? Айналайын, Ләйлә! Арсыздар қашанда болған! Бар және бола беруі де мүмкін… Хош делік… Сонда осындай арсыз қызды миллиондаған көрерменге шығарғаннан не ұттың? Орыста сөз бар «Есть созидатели, есть разрушители» деген… Сенікі осы сөздің қайсысына жатады? Экран еріккеннің ермегі емес қой… Неге осындай хабарлар бізге қазір ауадай қажет боп тұр? Өйтіп жинаған рейтингінің құны бес тиын емес пе? Меніңше бұндай хабарлар арналардан орын алмауы тиіс. Онсыз да берекесі қашып отырған елге, бала-шағасын қалай бағамыз деп отырған аналарға, жұмыстан қажып келген ер-азаматқа осындай сұмдық, сұрқия хабарларды көрсету жөн бе? Жо-жоқ… Бүгінде бізге басқа тәлім-тәрбиелік жөні бар хабарлар қажет… Иә… Иә… ондай хабарлар жасау үшін талант керек, ақыл керек, жүрек керек, сезім керек, Елге деген үлкен сыйластық керек…»
Менің қазіргі ұққаным: «Ақылды журналист — халықты ақылға, абыройға жетелейді, арсыз, ақымақ журналист — халықты сұмдыққа жетелейді!» Сіз бұл ойға келісесіз бе, министр мырза!

 

Жеңдік пе, жеңілдік пе?

Түйін:
Елді шулатқан, халықтың қарсылығына тап болған 7 арнада көрсетілетін «Өз ойым» бағдарламасына қатысты ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі қандай реакция көрсетеді екен деп тосып едік. Бірақ министрлік тарабынан біз күткендей жауап берілмей жатыр?
Мысалы, арсыздыққа жетелейтін «Кел, келінім», «Қалаулым» т.б. бағдарламалардың «өміршеңдігіне» биліктің қолдауы тікелей әсер етіп отыр ма деп қаламыз? Егер билік оң қабақ танытпаса, халықтың арыз-шағымы ескерілсе, ол бағдарламалардың аяғы баяғыда-ақ көктен келер еді ғой, министр мырза!
Егер «Өз ойым» бағдарламасы қалың бұқараның ашуына тиіп, ары қарай жұмысын жалғастыра берсе, елдің жоғарыға деген сеніміне селкеу түсе ме деп қорқамын. Қазақ атам «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір-ақ күнде сынады» дегенін ескерсек…
Енді Ләйлә қызымыз бен Алмас ұлымыз жайлы бір үзік ой. Бұл екеуі де бұған дейін «пәктік» жайлы тақырыппен халыққа жақсы танылған журналистер. Біреуі «Еуразия» арнасында бағдарлама жүргізіп, оның рейтингін көтеру үшін «ең өзекті» тақырып «пәктікті» сөз етіп, «еңсесі түскен» бағдарламасының «көшін түзеп» отырды. Ал Ләйлә қызымыз, анау-мынау емес Ұлттық арнада «Әйел бақытын» жүргізіп жүргенде «пәктік» жайлы «ашық айтып» ел есінде «мәңгі» қалды.
«Дәніккеннен құныққан жаман» дегенді атамыз қазақ бекер айтпағанға құсайды. Өйткені әккілікке үйренген, халықтың назарын аударуға төселген екеуге кез келген уақытта төмендеп кеткен бағдарлама рейтингін «көтеру үшін» арсыздыққа жол бастау түк қиындық тудырмасы белгілі. Тоқтам болмаса, бұл екеуі әлі де талай «биікті бағындырарына» күмәнім жоқ. Сынықтан басқаның бәрі жұғатынын ескерсек, келешекте мұндай бағдарламалардың жауыннан кейінгі саңырау құлақтай қаптайтынына сене беріңіз, министр мырза! Иә, бүгінгі қоғамда «бұзылған ардың» медициналық жолмен қалыпқа келтірілетіні жасырын емес. Оған «жөнделіп» алған қыздардың, өмірлік жарларына «пәк» болып қосылып жататыны да ашық жазылып жүр. Ондай отбасылардың қаншалықты бақытты тіршілік кешіп жатқаны маған беймәлім. Тек айтарым, өтірік араласқан жерде — тазалықта қандай құн болмақ?… Бір рет күйеуін алдаған әйелдің, жаман әдеттен арылып кетуі қиын-ау… Ал жаман істі жарнамалау — қауіптің алдын алу емес, керісінше жақындату емес пе?! Енді келіп, қазақ қыздарын «Ар сатудың» шеберіне айналдыру журналистік жетістік деуге ауыз қалай барады? Меніңше бұл — арсыздықтың алғашқы сатысы… Бұл қадам — Ұлт болашағын ойлау емес, өз нәпсісінің тойын тойлау ғана… Бұл тұрғыда сіздің де пікіріңіз құнды, министр мырза?!
Мұндай анайылықтарды еңкейген кәріден бесіктегі балаға дейін біліп болды. Сондықтан арсыздықты өле жарнамалағанша, одан шығар жолды неге талқыламасқа? Неге біздің құзырлы органдар, қырғын ақша бөлініп жатқан телеарналарға бақылауды күшейтіп, ұлттық идеологияның қанаттануына атсалыспайды. Телеарналарда қыз бала тәрбиесі неге кеңінен насихатталмайды? Неге халықтың өз ақшасы өзіне адал жолмен бұйырмайды? Неге қыздарды жамандықтан жирендіретін бағдарламаларды іске қоспасқа…? Неге? Неге? Неге?
Дінтанушы Әбдусамат Қасымның жанай-қайы көпшіліктің ойын қуаттандыра түседі деп ойлаймын. «Бүгінде ПӘКТІГІН ашық саудаға салған қара көз қарындастарымыздың қатары көбеюде. Ал ондайларға тоқтау айтып жатқандар жоқтың қасы. Себебі, бұл — мәдениеттілік. Қаншалықты бетсіз, арсыз болсаңыз, соншалықты мәдениеттісіз, яғни заманауисіз. Зайырлысыз. Санамыз соған бейімделген. Ал басқа орамал тағып, ұзын киген, бүкіл денесін тұмшалап жапқан қыздарымыз орта ғасырға сүйрейді-мыс. Олар — мәдениеттілікке қауіпті жандар. Сол себепті, қаршадай қыздармен күрес жүргізіп, олардың орамалдарын шештіргенді «ЖЕҢІС» көрудеміз. Күні кеше мектеп оқушылардың орамалдарын шештіріп: «Біз жеңдік!!!» деп әлемге жар салғандар, негізінен алып қарағанда «жеңілгендерінен» хабарсыз. Өйткені, ондай жеңіс тек осындай пәктігін сатқан бойжеткендерді, омырауының үлкендігімен әлеуметтік желіде жарысқан қыздарды, бір-бірімен сүйіскен қыздарды, көшенің қақ ортасында жыныстық қатынасқа түскен жастарды тудырғаннан басқа ешқандай пайда әкелмейді. Бұл «жеңіліс» болмағанда, не? Шайтан бізге жаман істерімізді әдемі көрсетіп, бізді адастырады. Біз «әлемді құтқарып жатырмыз» деп ойлауымыз мүмкін, бірақ негізінен алып қарағанда шайтанның алдауына түскенімізді байқамай қаламыз. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Сондай ісінің жамандығы (шайтан тарапынан) әдемі көрсетіліп, онысын ізгі іс ретінде көрген адам, (тура жолдағы адаммен тең бе?)» (Фатыр сүресі, 8 аят) деймінда.

Сөз соңында бірауыз түйін.
Небір жынойнаққа жол ашқан телеарналарымызда «Мәдениет» арнасы жоқ, министр мырза? Болған еді. Жауып тастадыңыздар. Неге? Не үшін? Ал «мәдениетсіздік» танып жатқан телеарналардың ұпайы түгел. Демек мәдениет жоқ жерде, мәдениетсіздердің наны жүріп тұр деген сөз, министр мырза! Парадокс!

One thought on ““Ар-ұяттың” сатылғаны — шаңырақтың шайқалғаны қыздарымыздың тәнін ашып, пәктігін саудаға салғанынан-ақ көрініп тұрған жоқ па?

  • 23.04.2019 at 0:20 +06
    Permalink

    Өте құнды пікірлермен жетесіне жеткізе сөйлеген жорналшы апамызға Алланың разылығы болсын ! Теледидарда ғана емес киелі сахананы да емін-еркін жайлап алған саны көп сапасы жоқ “əнші топтардан ” да көз сүрінеді. Əлгі бір үш қыз анайы қимылдарымен ашық-шашық киімдерімен өздерін жұлдыз санап жүр. Өткенде ғана “Қалаулымның” арнайы қонағы болыр Шахкерім мырзаның “жылы-жылы” сөздерінен “біз кереметпіз !” деген көңіл-күймен кетті…
    Тізгін керек , тəйт керек! Жəне қолданыстағы заң талабымен орындарын көрсететін мезгіл жетті !

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған