«Арақ ішіп, домалаған бала да менің бауырым»: Нұрлан Имам жастарды мейірімді болуға шақырды

«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, танымал имам Нұрлан Байжігітұлы намаз оқитын жастарға ақыл айтып, жақындарына мейірімді болуға шақырды.

Имам намаз оқымай жүрген туған-туыстарынан, ата-анасынан бас тартудың үлкен қате екенін, жақын адамдарды жаныңда жүргенде бағалау керектігін еске салды.

Намаз оқымаған қыз да біздің қызымыз, намаз оқымаған қыз да менің қарындасым, арақ ішіп, домалаған бала да менің бауырым, басқасы жоқ, сол біреу ғана. Басқасын ешкім бермейді бізге. Сондықтан намаз оқығанда, жүгіріп жүріп анаңның, әкеңнің қолына су құйып, тамағын істеуге көмектесіп, аяқ киімін сүртіп жүрсең, ата-анаң да ойланады, «бұл бала намаз оқығанға дейін қандай болды, қазір қандай» деп саралайды. Біздікілердің жүзінен күлкі кетіп, «Астагфируллах, мынаны жемеймін, адал ма, арам ба» деп тұрады. Соны қойыңыздар. Мейірім мен махаббат бәрін жеңеді. Абай атамыз «махаббатпен жаратқан адамзатты» деп айтып кеткен. Өліп қалғаннан кейін «анам жақсы екен» дегеннен не пайда?! Жақсы көргеніңді қызметіңмен көрсет, — деді Нұрлан Имам.

Фото: lada.kz

https://malim.kz/article/opinion/araq-isip-domalagan-bala-da-menin-bauyrym-nurlan-imam-zastardy-meiirimdi-boluga-saqyrdy-26104