Арал ауылында жаңа мектеп қолданысқа берілді

Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күнінде Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылында жаңа мектеп қолданысқа берілді. Су жаңа 180 орындық №25 негізгі мектептің ашылу салтанатына аудан әкімі Мәден Мұсаев, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар және білім ошағының құрылысын жүргізген «Темір-Строй Сервис и Ко» ЖШС өкілдері қатысты.

-Баршаңызды білім күнімен – жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде ел ертеңі жастар жақсы білім алуы үшін мемлекет тарапынан аталмыш салаға үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді.

Оның ішінде біздің ауданымызда да көптеген оңды істер атқарылуда. Оған өздеріңіз куәсіздер! Мәселен, соңғы жылдары ауданда қазіргі заман талабына сай жаңа білім беру нысандары іске қосылып, апатты мектептер, үш ауысымды оқыту жүйесі жойыла бастады. Өткен жылы 3 ауылда 930 орынға арналған мектеп қолданысқа берілсе, міне бүгін ауылдарыңыздағы жаңа мектептің ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Мектептің педагогикалық ұжымының жұмысына табыс, жоғары көрсеткіштер мен сәттілік тілеймін, — деген аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлы өзінің жаңа мектепке сыйлығын табыс етті.

Жерлестерін ауыл ақсақалы, білім саласының ардагері Тілеужан Түстікбаев та құттықтап, мектеп ұстаздары мен оқушыларына жаңа оқу жылында жаңа мектепте үлкен табыстарға жетулеріне тілектестігін білдірді.

 


Осыған дейін ескі мектепте білім алып келген ауыл балақайларына бұл жаңа оқу жылы қарсаңында тамаша сый болып отыр. Үш қабатты зәулім ғимаратта заманауи білім беруге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Салтанатты түрде жаңа білім ошағының лентасы қиылған соң дәстүрге сай шашу шашылып, одан соң жиылған қауым мектеп ішін аралап көріп, атқарылған жұмыс нәтижесіне ризашылықтарын білдірі.

Жаңа сыныптарға келіп жайғасқан ауыл балаларының қуанышында шек жоқ. Онда жаңа парталар, тақталар орнатылып, әр сыныпта әр пәнге сай көркемдік стенділер ілінген. Аудан әкімі алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушыларымен өткен ашық сабаққа қатысып, балақайларды оқуда озат болуға шақырды.
Жалпы мектептің үлкен акт залы, спорт зал және асханасы барлық талапқа сай жасалған. Мектеп жанынан үйірмелерга арналған қосымда тағы бір ғамараты бар. Сонымен қатар заманауи стадион, шағын футбол және спорт алаңшасы орналасып, сумен қамту жүйесі, жылыту жүйесі, электр желісі қосылған.
Мектеп аумағы абаттандырылып, түрлі ағаштар отырғызылып, гүлзарлар пайда болған. Жаң мектепте оқы жылын бастаған Арал ауылының ұстаздары мен балалары үлкен нәтижелер көрсетеді дегенге үміт көп. Енді оған барлық мүмкіндік пен қолдау бар.

Қордай ауданы