Аралас некеге қызымыз ғана емес, жігіттеріміз де кінәлі
Бүгінде аралас неке құрылды десе, «қытайдың, түріктің, арабтың етегінен ұстады» деп тек қаракөз қыздарға кінә артып жатады. Сонда қазақ қыздары өз ұлтынан жиренгеннен, не қазақ жігіттерін жек көріп, менсінбегеннен өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуға құштар ма?! Мен тек қазақ қыздарын кінәләйтін жандардың пікіріне қарсы уәж айтқым келеді. Осы орайда, саясаттанушы Айдос Сарымның сөзі ойыма оралады.
«Жігіттер! Мықты болсақ жұмыс істейік, ынжық болмайық, ит болмайық, бəсекеге қабілетті, білімді, парасатты, бай-бақуатты болайық! Ешкімге тіл тигіздірмейік, тұмсықтыға шоқытпайық, бай мен бастыққа қорлатпайық! Сонда қыздарымыз ешқайда қашпайды, теңін ішінен іздейді».
Жігіттеріміз мықты, әрбір қазақ аруына қарындасындай қарап сыйластық танытып тұрса, жеңіл қарап, ойыншық қылмаса қаракөз қыздардың қазақ жігіттеріне деген махаббаты арта түсетін еді. Бағдарламалардан көретініміз, еститініміз қаршадай қызды жылатып, баламен далаға тентіретіп кеткен қазақ жігіттерінің пәтуасыз іс-әрекеті. Оны көріп отырған он екі де бір гүлі ашылмаған жас қыздар жиренбей ме? Сөздің шынына келгенде, қазақ жігіттерінің бүгінгі «бейнесі» осы екен деген жағымсыз түсініктер қалыптасып үлгерді.
Екінші жайт, шетелдік күйеубалалардың көбеюіне таңнан кешке дейін үздіксіз берілетін түрік, тайланд, үнді сериалдарының үлесі зор. Сериалдардағы Бурак Озчевит секілді актерлердің образдары қазақ қыздарын ғашық етіп, жігіттің серісін, бүгінгінің мықтысын іздесен Түркияға тарт деп, еліртіп қойды. Кез келген мектеп оқушысының, жас қыздар үшін жігіттің идеалы — Әділбек Ниязымбетов немесе Тәуекел Мүсілім емес, мәселен, Юсуф Джим сияқтылар болып тұр ғой.
Ұлт мүддесі үшін қызмет қылып отыр дейтін Қазақстан ұлттық телеарнасы шетелдік жігіттерді елге шақырып, төрден орын беріп, жарнама жасауды тоқтатса жақсы болар еді. Бәлкім мен қателесетін шығармын, бірақ қазақты мақтап, қазақ жігіттерінің айбынын асырып, қыруар қаржысына біздің елдің жігіттерін төріне шақырып жатқан бірде-бір шетелдік телеарна туралы ақпарат естімеппін.
Мәселен, жақында «Астана» телеарнасында бір бағдарламада Қазақстанға келіп отбасын құрған қара нәсілді жігіт пен қазаққа жар болсам деген өзге ұлттың қызына құшағымыз сіздерге әрдайым ашық деп, барлық республика жұртшылығына керемет саясаттың ұшқынын көрсетті. Мен ұлтшылдық танытып отырған жоқпын, тәуелсіз Қазақстанда өзге ұлт өкілдері қазақпен тең дәрежеде өмір сүруге толықтай құқылы, десек те, қазақ қызының өзгеге жар болуы мемлекеттік дәрежеде талқыланып отырғанын ескерсек, республикалық телеарналар мұндай жайттарды бағадарламаға мүлдем шығармағаны жөн болар еді. Халықтар арасындағы достықты басқа жолмен насихаттағаны жөн болар еді.
Айтпақшы, өзге ұлт өкіліне жар болғысы келетінін, қазақ жіттерінің де толассыз хабарласып жатқанын бағдарлама жүргізушілері айтып өткен.
Ендеше өмірлік серігін жаттан іздейтін, оларға «жоқ» деп айтпайтын жігіттеріміздің де бар болғаны. Және бар екенін көріп те жүрміз.
Сондықтан қазақтың қаны таза болсын, оны сақтаймыз десек, отбасында бұл мәселе де біржақты болмай, ұлды да, қызды да бірдей тәрбиелеу керек деп есептеймін.
Гүлзат Сәттібаева