Аралас жекпе-жек – нағыз ердің айқасы

Соңғы жылдары Павлодар өңірінде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі – аралас жекпе-жек. Бұл біздің бабалардың қанымен жетіп, сүйегімізге сіңген нағыз жауынгерлік өнер. Кейінгі жылдары аймағымызда жасөспірімдер арасында осы аралас жекпе-жек спортымен тұрақты түрде айналысушылардың қатары көбейген. Солардың бірі – Арман Сыздықбаев. Жақында Ақмола облысының Қорғалжың ауданында өткен халықаралық турнирде алғаш рет кәсіби рингте өнер көрсетіп, чемпион атанып келді.

— Арман бауырым, жеңісің құтты болсын! Менің білуімше, бұл сенің аралас жекпе-жектің кәсіби рингінте өткізген алғашқы кездесуің екен. 

Жалпы, әуесқойлар мен кәсібилер арасында қандай айырма бар екен?

— Рахмет! Иә, бұған дейінгі қатысқан чемпионаттардың барлығы әуесқойлар арасында өтіп келген болатын. Бұл екеуінің арасында айырмашылық өте көп.  Кәсіби алаңда болған кездесудің уақыты да ұзақ, қарсылас та мықты болып келеді. Себебі, кәсіби рингке кез-келген спортшы шыға бермейді. Мысалы бұрын біз кез-келген жарысқа барғанда ары кеткенде үш-төрт минут қана төбелессек, мұнда әрқайсысы бес минуттан бес раунд айқасуға тура келеді. Басты айырмашылығы — осы. Әуесқой жарыстарда бір турнирде бірнеше қарсыласпен шығатын кездер болады. Ал, кәсіби спортта бір жарыста бір адамға ғана дайындалып барып, сегіз бұрышта бар күшіңді соған саласың. Сондықтан, соңғысының жауапкершілігі зор. Өзіңе деген сор сеніммен шықпаса, үміт күткен жанкүйерлердің туын құлатып алуың ғажап емес.

— Қорғалжың ауданында өткен халықаралық турнирдегі қарсыласың кім болды? Қандай әдіспен жеңіске жеттің?

— Ол жарыстағы қарсыласым Елорданың «Астана-төбет» клубының спортшысы Аян Қалиев есімді жігіт болды. Қарсыласымның салмағы өзімнен бірнеше келіге ауыр болғанымен, бар күшімді салып шайқасуға тура келді. Бес раундтық кездесуді соңына дейін жеткізбей, екінші раундта қылғындыру әдісімен жеңдім.

 

— Арман, енді өткенге сәл шегініс жасасақ. Спортқа неше жасыңда келдің?

— Мен негізі Май ауданына қарасты Саты ауылының тумасымын. Кішкентайымнан ат құлағында ойнап, бәйгенің аттарына міндім. Біздің үйде «Мустанг» деп аталатын жүйрік ат бар болатын. Сол тұлпармен талай дүбірлі бәйгелерде мәреге бірінші жетіп жүрдім. 2006 жылы қалаға келіп, колледжге оқуға түскен соң Павлодардағы «Мир» деп аталатын спорттық клубына жазылдым. Мұнда самбо, дзюдо және қазақ күресімен шұғылдана бастадым. Менің мұнда келуіме туған ағам себепкер болды. Өйткені, ағам да көп жыл күреске барған.

— Аралас жекпе-жек спортына ауысуыңа не түрткі болды?

-Ал, аралас жекпе-жекке келгелі төрт-бес жыл уақыт ғана болды. 2014 жылы бір досыммен «Абылай» спорт клубына барып, Алтынбек Рысжанов және Ринат Мусаев есімді бапкерлермен таныстым. Біздің сол таныстығымыз менің осы спортқа ауысуыма себеп болды. Басында сырттай бақылап жүрдім. Жігіттердің дайындығына, қимыл-қозғалысына қарап нағыз ер жігітке тән спорт екенін аңғардым да бірден кірісіп кеттім. Жалпы, маған жекпе-жек әдістерін меңгеруіме көп қиындық болған жоқ. Себебі, менде күрестен тәжірибе бар. Одан кейін аяқпен және қолмен жұмыс істеуді меңгеріп, оған қылғындыру және ауырту әдістерін қостым.

— Спорт залға аптасына неше рет барып дайындаласың.

— Спорт залға күнде барамын десем артық айтқандық болмайды. Жалпы, мен жаттығу режимін өте қатаң сақтайтын спортшылардың қатарындамын. Мысалы күнде таңертең жүгіру, темір көтеру, турникке тартылу секілді физикалық жаттығуларды орындасам, кешке спорт залға барып бапкерлермен жұмыс істеймін. Міне, соның нәтижесінде аралас жекпе-жек, грэпплинг, панкратион спорт түрлерінен бірқатар жетістікке қол жеткіздім. 2015 жылы Павлодарда джиу-джитсудан өткен республикалық турнирде жеңіске жетіп, осы спорт түрі бойынша спорт шеберлігіне үміткер болдым. Одан соң 2016 жылы Талдықорған қаласында панкратионнан Қазақстан кубогына арналған республикалық чемпионатта жеңімпаз атанып, спорт шебері атағын алдым. Сол жарыста мен Италияда өтетін халықаралық турнирге жолдама алған едім, бірақ қаражатқа байланысты ол жаққа бара алмадым. Жақында аралас жекпе-жектен тағы бір үлкен жарыс Павлодарда өтеді деп жоспарланған. Осы турнирде сегіз бұрышты алаңда аймақ намысын қолдан бермеу үшін барымды салатын боламын. Қазір дайындық үстіндемін.

— Жекпе-жек алаңында жеңісті күндерің көп болсын!

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА