«Аралдың» тағдырына күллі әлем алаңдаулы
Астана қаласы ауқымды, халықаралық шаралардың ордасына айналғалы қашан, сондай бір ірі масштабтағы жиын апта басында тағы да өтті. ҚР Сыртқы Істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастаған, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қостаған, БҰҰ-ның резидент-координаторы, БҰҰ даму бағдарламасының (UNDP) Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура құрметті қонақ болған халықаралық симпозиумда Арал өңірінің проблемасы талқыланған болатын.
Жарты ғасырдан бері Тұран ойпатындағы бұл теңіздің тағдыры қазақ халқын әуре-сарсаңға салса, тұзы Еуропаға қарай желмен ұшып жатқан Аралдың жағдайы бүгінгі күні жаһандық проблемаға айналып отыр. Тіпті, әлем ғұламалары Арал теңізінің тартылып, маңайының түгел құрғап, «өлі теңізге» айналып бара жатқанын адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апат деп баға беріпті. Өзі өмірден өтіп кетсе де, өлеңімен халықтың жүрегінде қалған айтыскер ақын Бекұзақ Тәңірбергенов бір кездері «Аралдың табанынан су кетсе де, жұртының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп туған елін бір жұбатқан еді. Десе де, әлеуметтік және экономикалық жағдайынан бұрын тұрғындарының денсаулығына ерекше қатер төніп тұрғанын ҚР Сыртқы Істер министрі Қайрат Әбдірахманов жақсы түсінгендіктен, халықаралық симпозиумның елордасы Астанада өтуіне мұрындық болды.
Кеудесінде шыбын жаны болған соң туған жерін тастап кетпей талай тұрғын несібесін Аралдың маңайынан тауып жүргені шындық. Алайда, ең өкініштісі, күн өткен сайын аталмыш аймақта жүрек-қантамырлары аурулары, қант диабеті, балалдарда болатын сал аурулары (ДЦП), қолқамен мен демікпе дерті дендеп барады. Статистиканы сөйлетсек, Арал ауданы бойынша 2005 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта туа бітті ауытқушылық аурулары 10,8%-дан 23,7%-ға, яғни, екі есеге дейін күрт өскен. Бала туу көрсеткіші қаншалықты көп болса, соншалық өлім-жітім де көбейіп, тіпті, талай қызылшақа анасының ішінде шетінеп кеткен. Естіп-білгенде жан дүниеңді шымырлататын мұндай статистиканың бұл басы ғана. Қалғанын біз де айтпайық, сіз де болашаққа сеніммен қарап, тілекші болыңыз. Бұлай дейтін себебіміз, БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура бұған дейін Аралды және оның тұрғындарының тағдырына бей-жай қарамайтынын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа жеткізген екен.
-Дүниежүзілік банк, Халықаралық Аралды құтқару қоры және көптеген ұйымдар аталған мәселені шешуге өз үлестерін қосып отыр. Қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аталған проблеманы шешуге ниетті. Біз қызылордалық әріптестерімізбен біріккен жобаны жүзеге асырмақпыз. Қаржы көлемі соншалықты көп дей алмаймын. Бұл Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру үшін 3 млн. АҚШ доллары бөлінбек. Нәтижесінде өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеріп, денсаулықтарын жақсартуға күш-жігерімізді саламыз деп ойлаймын,-дейді Н.Шимомура.
Қырымбек Көшербаевқа бірігіп жұмыс істеу жөнінде ұсыныс білдірген Норимаса мырзаның қолға алып отырған жобасы 3 бағытқа бөлінген. Атап айтқанда, Арал өңірінің әлеуметтік, экологиялық және экономикалық мәселелерін шешуге жәрдемдеспек. Мәселен, Арал теңізінің тартылып қалуына байланысты балық шаруашылығының тұралап қалғанын ескерген БҰҰ өкілі тұрғындарға баламалы бизнес көздерін тауып, суды дұрыс пайдалану жолдарын көрсетеміз дейді.
Қазақстан тарапы да Арал өңірінің дамуы үшін қол қуысырып қарап жатпағанын осы іргелі жиында бір байқатты. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев әлем назарын аудартқан Арал ауданының жай-күйі қашан да бірінші орында екенін тілге тиек етті. Жоғарыда айтылған БҰҰ даму бағдарламасының жобасын қуана қабылдағанын жеткізген әкім жуырда облыс әкімдігі Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық жол картасына 114 млн теңге бөлетінін хабарлады.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ
Симпозиумдағы суреттерді түсірген – Бауыржан Жуасбаев