Арандатуға ермейік ағайын!

Біреулер бізді жүзге, руға, облысқа, қалаға бөле алмай «өліп» жатыр. Екі рудың немесе екі қаланың баласы бірімен-бірі жағаласып, бет жыртысып жатса, оларға керегі сол. Соны көріп «Я, Сәт!», «Я, Сәт!» деп шайтанша алақандарына түкіріп отыр.
Міне, соларға ерегіскенде, Бұқар бабамыз айтқандай, бәріміз бір енеден туғандай тату болайық: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін. Бәріміз қазақтың бір баласымыз. Ағайынбыз, туыспыз, бауырмыз. Қазақ рудан тұрады, жүзден құралады. Ру деген бүтін ағзамыздағы клеткалардай тату-тәтті тұруға тиіс.
Тарихта қазақ бөлініп, іштен іріген кезде малынан да, жанынан да, барынан да айырылған. Ал жұдырықтай жұмылып біріккен кезде берекеміз кірген. Ұшса құс қанаты талатын кең байтақ даланы қорғау үшін бәріміздің бабалаларымыз иық тіресіп бірге жүріп қан төкті, жан берді.
Енді келіп Атырау мен Шымкенттің баласы төбелесіп жатыр деген не деген сұмдық?
Атыраудың қазағы Шымкенттің баласын өзбек деудің орнына өзімнің бір туған бауырым деуі керек. Ал Шымкенттің қазағы Атыраулық қонағын жұдырық жұмсап емес, қойын, құлынын сойып, құшағын жайып ең қадірлі қонағындай қадірлеуі керек. Басқа қала, басқа рулар туралы да пәтуа осы! Соны көрген жат жанынан түңілсін!
Өзімізбен өзіміз төбелесіп не Құдай ұрды бізді. Бұл жарамайды, ағайын!
Алла Тағаладан тілейтініміз, бүтін тұрған қазақтың іргесі ажырамасын!
Осы жазбаны барынша бөлісейікші, бауырлар!

Бар қазаққа деген ерекше құрметпен, Асылбек Әуезханұлы