ӘРБІР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ ӘДЕП НОРМАЛАРЫН САҚТАУҒА МІНДЕТТІ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарының Сарысу ауданында сақталуы жөнінде жиын өтті.

Аудандағы мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен өткен жиынға арнайы қатысқан облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев, Жамбыл облысы әкімі аппаратындағы Әдеп жөніндегі уәкіл Елдос Бекпатшаев күн тәртібіндегі мәселеге байланысты сөз сөйлеп, ағымдағы жылдың 24 — 28 шілдесі аралығында облыстық Әдеп уәкілі тарапынан ауданда жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысын баяндады.
Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру бойынша ұсыныстар айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында аудан әкімі Сәкен Мамытов ауданда жыл басынан Әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Ауданда есепті кезеңде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері орын алмаған. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселесі жолға қойылған.
Анықтамада көрсетілген ұсыныстар бойынша аудандық Әдеп жөніндегі уәкілмен бірге тиісті жұмыстардың атқарылатындығын айтқан аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы ауданға арнайы келіп, мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген қонақтарға алғысын айтып, жиынды қорытындылады.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі