АРДА ҚАЗАҚ БАРЫНДА, ҚАЛАДЫ АБАЙ ТАҒЫНДА!
Кейбір жандар ҚАУІПТІ
Адастырып халықты,
Сынына алып АЛЫПТЫ,
Абайға ауыз салыпты.
Мұқататын адамды
Бұл надандар тауыпты,
Арсыздар үшін бұл енді
Жағдай ма деймін қалыпты.
Тірісінде Абайды
Неше аяқтан шалыпты,
Есерсоқтар еліріп
Сабауға дейін барыпты,
Енді бүгін тағы да
Бурадай болып шабына,
Аруағын қозғап Абайдың
Тиіп жатыр арына.
Мен де тиейін шамыңа,
Жете алмайсың шаңына.
Арда қазақ барында,
Қалады Абай тағында.
Шыға алмасаң ТАУЫНА
Араластырма дауыңа,
Абай емес қазақты
Жығып берген жауыңа.
Қазақ үшін тірі елес
Абай көптің бірі емес,
Датын айтса жұртына
Данышпанға мін емес.
Басынған орыс жаманы
Басқа еді оның заманы,
Қайрамасқа қазақты
Қалмаған шығар амалы.
Сынаған елін бәрі де
Себебі оның әріде,
Керемет болмас бәрі де
Сынайды жұртты әлі де.
Бүгінгінің көзімен
Теңестіріп өзіңмен,
Баға берме Абайға!
Аруағы атар, абайла!
Р.S.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!
Абай.
Авторы: Мұқтарбек Тұрысбекұлы