Ардагер Ахат Бекмәдияұлы: Жаумен бетпе-бет алғашқы шайқасты мылтықсыз бастаған едім

Астаналық Ұлы Отан соғысының ардагері жаумен бетпе-бет кездескен алғашқы шайқасына мылтықсыз қатысқан. Екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз Ахат Бекмәдияұлы 1923 жылдың 1 қыркүйегінде астананың іргесіндегі Астрахан Қазқоскөл ауылында туған.

 

 

Бастапқыда Атбасар қаласындағы мектеп-интернатта оқып, кейіннен Толқынкөлдегі жетіжылдық орыс мектебін бітірген ол 1939 жылы 16 жасында Қызылжардағы педагогикалық училищеге түседі. 1942 жылдың мамыр айында мұғалімдер училищесін үздік бітірген. Алайда бір айдан соң Ахат әскер қатарына шақыру алып, майданға аттанды. Жас сарбазды Ақмола қаласында жасақталған 90-жаяу әскер полкының құрамында бір айдан кейін Волга бойындағы Сызрань қаласына әкеліп, әскери жаттығуларға үйрете бастады. Әскери ескі-құсқы киім таратты, мылтық жоқ. Содан бір күні эшелонға тиеп, Тула қаласына әкелді. «Біз мінген эшелон алғы шепке жақындап келіп тоқтады. Сонда да мылтық беретін түрлері жоқ. Тағы да жау ұшақтары бомбылай бастады. Осындай бір сәтте эшелонды қорғайтын зенитшілер жаудың бір ұшағын атып түсірді. Отқа оранған жау ұшағынан екі-үш неміс парашюттен секіріп, біз тығылған орманның шетіне түсті. Біздің ротаға жау ұшқыштарын қоршап, тұтқынға алу міндеті жүктелді. Біз неміс ұшқыштарын жылдам-ақ тауып, қоршауға алдық. Ақыры жанкешті азаматтар қапысын тауып, жараланғандарына қарамастан, екі немісті қарусыздандырып үлгеріпті. Міне, менің жаумен бетпе-бет кездескен алғашқы шайқасым осылай басталған еді. 1942 жылдың шілде айында Мәскеу бағытындағы қиян-кескі ұрысқа араластық. Автоматшылар взводының құрамында жау бекінген биіктікті алу үшін шайқасқа кірістік. Биіктіктегі жау окобына таяқ тастам жер қалғанда, жүгіріп келе жатқан бойы омақаса құладым. Белден ауыр жараланып, госпитальда есімді жидым», – дейді Ахат ата сол ауыр күндерді еске алып. Содан Ряжск деген қалада бірнеше ай бойы госпитальда жатты. Госпитальдан шыққаннан кейін кіші командирлер даярлайтын қысқа мерзімді курсқа жіберілді. Бір айдан кейін, 1943 жылдың сәуірінде сержант атанып, жаңадан жасақталып жатқан әскери құраманың бөлімше командирі етіп тағайындалды. Содан атақты Курск доғасындағы қанқасап соғысқа кірді. «Таң қылаң бере бастағанда мыңдаған зеңбірек күндей күркіреп, жау бекінісіне қарай от боратты. Жарты сағатқа созылған жойқын артиллериялық отшашудан кейін біздің үр жаңа резервтік армиямыз шабуылға шықты. Бөлімшемді бастап немістің алғашқы бекінісіне бірінші болып жеттік. Сол үшін алғаш рет «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталдым. Курск доғасында болған сансыз шайқастардың бірінде ауыр жараланып, қайтадан госпитальға түстім. Алғашқыда Тула, одан кейін Новосибирск госпиталінде ұзақ емделдім. 1944 жылы үкіметтің мұғалім, инженер сияқты мамандарды әскерден босату туралы қаулысы шықты. Сол жылдың наурыз айында маман мұғалім ретінде мені де әскерден босатты», – дейді майдангер. 1944 жылы елге оралып, сәуір айында Колутон стансасындағы №63 мектепке мұғалім болып орналасты. Содан 1988 жылы 65 жасында зейнеткерлікке шыққанға дейін, 44 жыл бойы жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатты. Ахат ата осыдан он жыл бұрын Жеңіс күнін Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында қарсы алды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығында Мәскеуде өткен парадқа елордадан барған жалғыз майдангер де өзі. Енді жақын күндері Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелейді. Майдангерлер жасай берсін!