«Ардагер құрметі!» медалімен марапатталды
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы №322 «Ардагерлер туралы» Заңының 6-бабы, 3-тармағына сәйкес, өзге мемлекеттер аумағында ұрысқа қатысып, «Ардагер» мәртебесіне ие болған, Таулы Қарабах этносаралық қарулы қақтығыстарға қатысқан және соғыс аймақтарында бейбіт халықты құтқарған, ұрыс қимылдар ардагері, Мыңарал ауылының тумасы, бауырымыз Ахметәлі Бастазиевті келе жатқан 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, еңбегіңізге жеміс, отбасыңызға бақ-береке, асыл жарыңызбен бақытты өмір сүріп, балаларыңыздың, немерелеріңіздің қызықтарын көре беруіңізге тілектеспіз!
Азербайжан — Армян арасындағы, Таулы Қарабах этносаралық қарулы қақтығыстар — 1988-1992 жылдар аралығында болды. Осы соғысқа Жамбыл облысымыздан бірнеше жүздеген сарбаз қатысты. Таулы Қарабах этносаралық қарулы қақтығыстарға 20-ға жуық азамат Мойынқұм ауданынан да қатысқан. Олар әскери борыштарын оқ пен оттың ортасында өткізді, азаматтық борыштарын адал атқарды. Бастазиев Ахметәлі Мұханбетқалиұлы «Таулы Қарабах!» ардагері және басқа да төсбелгілерімен марапатталып, ардагер куәлігін алды. Ахметәлі Бастазиев бауырымыз, қазіргі кезде Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласында тұрады. Алда келе жатқан 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Таулы Қарабах ардагерлерінің төрағасы Омаров Нұрлыбек ағамыз, Таулы Қарабах ардагері Бастазиев Ахметәлі Мұханбетқалиұлын «Ардагер құрметі!» медалімен марапаттады. Құтты болсын! Еңбегіңіздің жемісін, игілігін көріңіз! Аудан жастары мен келешек ұрпаққа аталған қарулы қақтығыстарға қатысқан ардагерлеріміздің майдандағы еңбектерін өшпес мұрадай сақтап, насихаттау біздің міндетіміз деп білеміз. Арқа сүйер ер азаматтарымыз Отанымызды қорғап, еліміздің бейбіт өміріне айтулы үлес қосқанын біз әрқашан мақтан тұтамыз!
Бастазиевтер әулеті.
Мыңарал ауылы.