Ардагер журналист Ж.Миллионовтың жаңа кітабы жарық көрді
Биыл Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, халықаралық Қонаев қорының Жамбыл облысындағы басқармасы төрағасының орынбасары, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас рекдакторы, жерлесіміз Жаңабай Миллионов желкен тартқан 70 жасқа толып отыр.
Cондай-ақ, ағымдағы жылы ардагер журналистің еңбек жолының бір белесі мен тарихи қолтаңбасы қалған қос газет – облыстық «Aq jol»-дың 100 жылдығы мен аудандық «Sarysu»-дың 85 жылдық мерейтойлары да бір-бірімен тұспа-тұс келді.
Бүгін осыған орай Сарысу аудандық мәдениет үйінде Жаңабай Миллионұлымен үлкен кездесу форум өтті. Іс-шараға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған актив құрамы мен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері және газет оқырмандары қатысты.
Форум аясында келушілерге қаламгердің жүріп өткен өмір жолы мен облыстық және аудандық газеттердің шығу тарихын бейнелейтін ақпараттық-көрнекілік құралдары, кітап инсталияциясы таныстырылды.
Жиынның ашылу салтанатында аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы алғашқылардың бірі болып сөз алып, мерзімді баспасөздің қоғамдағы алар айшықты орнын, сондай-ақ, мерейтой иесі Жаңабай Миллионұлының ауданға сіңірген елеулі еңбегін атап өтіп, иығына зерделі шапан жауып, арнайы сый-сияпатын табыс етті. Сонымен қатар, аудан басшысы форумның құрметті қонағы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаевқа да қазақы салт-дәстүрге сай құрмет көрсетті.
Форум барысында өңірдің бас басылымы – «Aq jol» газетінің радекторы Оралхан Дәуіт пен аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев және аудандық алқа билер кеңесінің мүшелері де рет-ретімен сахна төріне көтеріліп, қарымды қаламгерді мерейлі жасымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Келелі кездеудің мән-маңызын аша түскен тағы бір сәт – ардагер журналистің жуырда жарық көрген «Даналық мектебі» атты кезекті кітабының тұсаукесер рәсімі болды.
Қаламгердің эсселер мен естеліктерден, сұхбаттар мен түрлі журналистік жазбалардан тұратын жинағының лентасын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев пен аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов қиып, кітаптың бір-бір данасын форумның құрметті қонақтарына ұсынды.
Айта кетейік, Жамбыл облысына белгілі журналист және қоғам қайраткері Жаңабай Миллионовтың бұған дейін «Шоқай Датқа» тарихи-танымдық жинағы және «Парасат пен пайым» атты автордың жеке тағдырынан бастау алып, тұтас ұлттың ғұмырнамасын шынайы суреттей білген кітабы жарық көрген.
Ал, сиясы кеуіп үлгермеген жаңа жинақта ардагер журналист тәуелсіздік жылдарында Жамбыл облысын басқарған әкімдердің ақпараттық портреттерін, республикамызға кеңінен танымал қоғам қайраткерлерімен өзекті сұхбаттарын, облыстың әлеуметтік-экономкалық дамуына әр жылдарда елеулі үлес қосқан атпал азаматтар туралы жазған эсселерін топтастырыпты. Сондай-ақ, «Даналық мектебінде» ұлтымыздың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Қонаев туралы да тың деректерге негізделген естеліктер жеке тарау болып енген.
Кездесу форумның соңы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен әуезді ән мен мың бұралған биге толы концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұрсұлтан Рахымбай,
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы