АРДАГЕРІН АРДАҚТАҒАН ЕЛ ҚУАТТЫ ДА РУХТЫ БОЛАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық-саяси қызметтегі аса үздік еңбегі үшін мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Қазақ жан-жақты талантты перзенттерін «сегіз қырлы, бір сырлы» деп дәріптеген. Бірегей мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов сондай сан қырлы қасиеттерді бойына сіңірген абзал да жайсаң жан. Оның өмірбаян беттеріне үңілсеңіз қарапайым бұрғылаушы жұмысшыдан бастап сан қырлы лауазымды орындарда жұмыс істегенін көрессіз. Қай жұмыста, қызметте жүрсін мейлі, Бақтықожа Салахатдинұлы зор жауапкершілікпен атқарып, биіктерден көрінген, сізде де қарап көріңіз.

1948 жылы 1 қыркүйекте Гурьев облысы Теңіз ауданында туған. Қазақ. Уфа мұнай институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының докторы.

1971-1972 жылдары «Ембімұнай» бірлестігінің Прорвынск бұрғылау конторында бұрғылаушының көмекшісі, бұрғылаушы жұмыстарын атқарды.

1972-1973 жылдары — Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу мұнай институтында (ҚазГБҒМИ) бұрғылау технологиясы зертханасының аға инженері.

1973-1978 жылдары — «Қазмұнайгазбарлау» басқармасында аға инженер, техникалық нормалау және еңбекті ғылыми ұйымдастыру жасағының бастығы.

1978-1983 жылдары — ҚазГБҒМИ зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары.

1983-1987 жылдары Йеменде, Аден қаласында Кеңес мұнай барлау экспедициясының аға инженері қызметінде болды.

1987-1991 жылдары — ҚГБҒМИ зертхана меңгерушісі, Атырау тәжірибие-әдістеме экспедициясының бас технологі, бастығы.

1991-1993 жылдары — Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің бөлім бастығы, Мұнай және газ басқармасының бастығы.

1993-2003 жылдар аралығында — «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ БК үлестерді бақылау жөніндегі атқарушы директоры, «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ БК үлестерді басқару жөніндегі басқарушы директоры.

 

 

2003-2007 жылдар аралығында — Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар бірінші вице-министрі, министрі.

2007-2012 жылдары — Батыс Қазақстан облысының әкімі.

2012 жылғы қаңтар-2012 жылғы тамыз аралығында — V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары.

2012 жылғы тамыз-2016 жылғы наурыз аралығында — Атырау облысының әкімі2016 жылғы 24 наурыз – 2016 жылғы 21 маусым аралығында VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы.

2016 жылғы 21 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық қеңесінің төрағасы

2016 жылғы 22 маусымнан 2021 жылдың 21 маусымына дейін VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

2023 жылғы 28 наурызынан VIІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

«AMANAT» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Төскейге салса төрде озған Бәкең небір биліктің сатыларында болса да қарапайым қазақы мінезден бір танбай, жан-жағына үнемі ізгілік нұрын сеуіп жүреді. Соның бір айғағы Бақтықожа Салахатдинұлының халқының жауһар сөздерін көңіл сарайында жұптап, қазақтың қара өлеңі сарынымен жыр жолдарын төгетін өр ақындығы. «Ақындардың ішіндегі әкімі, әкімдердің ішіндегі ақыны» деген әдебиет сүйер қауымның шырайлы сөзі ол кісіге босқа айтылмаған. Әкім кезінде ол шығармашылық майданында жүрген жандарға үнемі көмектесіп, қолдайтын. Біздің басылымымызға да Салахатдинұлы Бақтықожа ағамыз тарлай мәрте шуағын төккен. Қазір де үнемі байланыстамыз. Бәкең Жаңа Қазақстанды құруда жасының келгеніне қарамай ақсақалдық асқақ кеңпейілділігімен арда мінез, зор қайрат-жігермен әлі де саптан шыққан жоқ. Газет ұжымы ардагер ағамызға зор денсаулық, кемел келешек, шалқар шабыт, ұзақ ғұмыр тілей отырып, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен құттықтаймыз!