Ардагерлер арасында бильярдтан алғашқы біріншілік


Республикалық Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ардагерлер ұйымы» республикалық Орталық кеңесі мерейтойға арналған мерекелік іс-шаралар жоспары қатарында бильярдтан республикалық біріншілік өткізді.

Астанадағы «Достар» бильярд клубында ұйымдастырылған турнирге   13 облыстан жеңімпаздар қатысты. Атап айтар болсақ, 30 жылдық мерейтой қарсаңында әр облыс, әр қалада өткен бильярд бәйгесінен оза шауып, жүлде алған жеңімпаздар финалдық жарыста  Астанада өзара сайысқа түсті. Бәсекелі бәйге шымылдығын Орталық кеңес төрағасының орынбасары, генерал Бекболат Мұқышев: ­– «Биыл, 2017 жыл біздің ардагерлер үшін есте қалатын тарихи мәні бар жыл болды. Себебі, бұдан 30 жыл бұрын, яғни 1987 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы құрылған болатын. Осы уақыт аралығында Ардагерлер ұйымы халықпен бірге, Елбасымен бірге талай «тар жол тайғақ кешулер» мен  талай мерекелі-мерейлі жарқын күндерді артқа тастады.

sam_4557-1

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары зейнеткерлер үшін, жалпы халық үшін өте қиын жылдар болды. Уақытымен зейнетақы, жалақысын алмаған халық күн көріс қамын күйттеп, босып кетуге шақ қалған жылдары Ардагерлер ұйымы халықты береке-бірлікке, ынтымаққа шақырып, елді келешек кемел күндерге сендіре білді.  Қазір де Ардагерлер ұйымы жастарға үлгі, ұрпаққа мұра, елге тірек, халыққа ақылшы болып мемлекетіміздің саяси, тарихи, мәдени өмірінің қайнаған ортасында белшеше жұмыс атқарып келеді.          Салтанатты мерейтойымызды республикалық деңгейде ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Ардагерлер ұйымының атқарған еңбегін қорытындылап, ел алдында және өзімізге есеп беріп, ертеңгі күндерге жоспарлар құру мақсатында атап өтіп жатырмыз. Мереке қарсаңында  республика көлемінде әр облыс, әр аудан орталықтарында дойбыдан, шахматтан, тоғызқұмалақтан, бильярдтан спорттық-мәдени сайыстар өткізіп, қорытындысы ретінде Астанада бильярдтан республикалық біріншілік өткізуді бірауыздан құптап, шешім қабылдаған болатынбыз. Ойыншыларға сәттілік тілеймін. Мереке құтты болсын»- деген ақжарма тілегімен ашты.   Ойын барысында, біз, тартысты бәсекенің шашбауын көтеріп, жанашыр болып жүрген біраз көрерменді сөзге тартқан едік.sam_4833-1

Сайыстың ұйымдастырушысы ҚР ІІМ құрметті ардагері, Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің жауапты хатшысы  Көпболсын Бекмағанбетов: ­­ – «Бұл сайыс ақсақалдарымыздың салауатты өмір сүрудегі тәжірибесін жастарға үлгі-өнеге ретінде насихаттау мен қарттарды спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жарысқа Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан  келуге тиісті  жеңімпаз спортшы-ардаргерлер келе алмады. Орталық кеңес атынан тарихшы, ғалым, жазушы Қойшығара Салғара қосылып, 14 бильярдшы додаға түсті. Сексеннің сеңгірінде Онтүстік Қазақстан облысынан Абдуғай Бекежанов (81 жаста), Қарағанды облысынан Оңғар Аяпбергенов (78 жаста), Алматыдан Қабиболла Сейітов (79 жаста) сынды ақсақалдарымыз атсалысып, ойын мәртебесін асқақтатып жіберді. Ойын өте тартысты өтіп жатыр. Барлығына сәттілік тілеймін»- деп келген қонақтарға ризашылығын білдірді.sam_4599

Ал Павлодар облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары, Абылай Жантөрин: – «Өзіміздің жеңімпазға атқосшы болып келіп қалдық. Республикалық Орталық кеңестің басшылығы ұйытқы болып, республикалық деңгейде турнир өткізіп жатқанына дән ризамыз. Мұндай спорттық сайыстар, әрине ардагерлер үшін ауадай қажет. Тек Астанада және айтулы даталарда ғана емес жылда әр облыс, әр қалада республикалық деңгейде ұйымдастырса дұрыс болар еді деп ойлаймын».- деген лебізін жеткізді.sam_5266

7 жұп бәйгеге түскен жарыс нәтижесінде Ақмола облысының бильярд шебері Марат Досқожин(73 жаста) I дәрежелі дипломның және қомақты жүлде – түрлі-түсті интернетке қосылатын теледидардың иегері атанды. Сондай-ақ, М.Досқожин бір серияда көп шар соққанға белгіленген жүлде – 70 мыңдық украин шеберлерінің қолынан шыққан бильярд киін бірден 6 шар салып, жеңіп алды. Марат Досқожин шебер ойыншы ғана емес, өзінің ақсақалға тән салмақты мінезімен, жасына сай болмысымен, байыпты, сыпайылығымен де ерекшеленіп тұрды. II орынды астаналық Боранбай Жарылқағанов (70 жаста) жеңіп алса, ІІІ орынды Оңтүстік Қазақстаннан келген Абдугай Бекжанов пен Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданынан келген (70 жас) Төлеубек Қасенов иеленді.sam_5230

Сонымен қатар, Астанадағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальдың директоры Әділхан Абдулин гопиталь атынан тағайындаған арнайы жүлде ­– «Көрермен көзайымы» алматылық Тоқтар Есімовке (70 жаста) бұйырды. Арнайы жүлде иегерлері қатарында жолды көктемгі қар суы шайып, апатты жағдай орын алып жатқанына қарамай Қарағандыдан жеткен Оңғар Аяпбергенов, алматылық Қабиболла Сейітов және қостанайлық Анатолий Кудрявцев (72 жас) сынды ақсақалдар танылды. 5 орынға өнегелі өнерімен көзге түскен жамбылдық ардагер Бағдат Дауылбаев лайықты болса, парасаттылығы және мәдениеттілігімен павлодарлық Ерсайын Шұғабаев және ақтөбелік Виктор Горбенко жастарға бар жағынан да үлгі-өнеге боларлық ақсақалдар ретінде марапатталды.sam_5303

Сайыс соңында Ардагерлер Орталық кеңесі төрағасының орынбасары, генерал Бекболат Мұқышев жарыс жүлдегерлеріне сыйлықтар табыстап, ­- «Жалпы ардагерлер арасында алғаш рет ұйымдастырылған бильярд біріншілігі өз діттеген мақсатына жетті. Салауатты өмір сүрудің басты кепілі – денеге салмақ түсірмей, бір ойын барысында 15 шақырымға дейін жаяу жүрумен тең келетін бильярд ойынының денсаулыққа зор пайдасы бар екенін ескере отырып, мұндай бәйгені  дәстүрлі  түрде, жыл сайын әр қала, әр аймақта өткізу жайын шешетін боламыз»- деп жарысты қорытындылады.

Салтанатты рәсім барысында сайыстың жоғары деңгейде өтуіне жанашырлық танытқан С. Мұқанов, О. Аяпбергенов, Қ. Сейітов және  ШҚО Жарма аудандық кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Есболов сынды ақсақалдар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, ойынның өте тартысты өткенін айтып, Орталық кеңес басшыларына, ұйымдастыру жұмыстарына бас болып жүрген Көпболсын Бекмағанбетовке бір ауыздан ризашылықтарын білдіріп, алғыс жаудырып жатты.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ